389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістанда сәбидің туу туралы куәлігі мен мекенжайын перзентханада тіркеуге болады

  • 302
  • UPD: 15:17, 09.07.2019

Бұрын ата-анасы халыққа қызмет көрсету орталығына барып кезек күтіп әбігерге түсетін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді барлығын перзентханада жатқан кезінде-ақ шешуге мүмкіндік туып отыр. Жаңа жүйені «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы енгізді.

Ұлжалғас Бүркітбаева төртінші баласын дүниеге әкеліп, перзентханада жатыр. Босанғанына 2 күн ғана болса да, сәбиінің туу туралы куәлігі мен мекенжайын тіркеп үлгерген.

Ұлжалғас Бүркітбаева, босанған әйел:

– Алғашқы босанғанымда ХҚКО-ға барып тіркелетінмін. Қазір осында келіп электронды түрде тіркеп жатыр. Осы жерден туу туралы куәлігімізді алып кетіп жатырмыз. Маған өте ыңғайлы болды. 

Облыста бала туу көрсеткіші жоғары болғандықтан, бұл қызмет түрі өңір халқы үшін өте тиімді. Бұған дейін ата-аналар перзентханадан шаққанға дейін баланың туу туралы куәлігіне, әлеуметтік жәрдемақының тағайындалуына және балабақша кезегіне бір ғана смс-хабарламаның көмегімен қол жеткізетін. Енді бұл тізімге мекенжай бойынша тіркелу қызметі де қосылды.

Амантай Егембердиев, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» облыстық филиалының ресми өкілі:

– Бұл – өз кезегінде жаңа босанған аналарға үлкен көмек. Жаңа туған сәбидің барлық құжаттарын реттеуді тек бір ғана ұялы телефон арқылы жүзеге асыруға болады. Жаңа қызметті алу үшін сәбилі болған ата-анасының біріне екі апта ішінде мекенжай тіркеуіне тұру жөнінде смс-ұсыныс жолданады. Сұраққа оң жауап берілген жағдайда, баспана иесі өз мекенжайының тіркеу кодын енгізуі тиіс. Пәтер немесе үй баланың ата-анасының атында болмаған жағдайда баспана иесінің ЖСН-і қоса жолданады. Бұл ретте проактив тәсілмен жолданатын смс-хабарламаларды алу үшін баланың ата-анасының бірі міндетті түрде мобильді азаматтар базасында тіркелуі керек.

Айта кетейік, Қазақстан ТМД мемлекеттерінің арасында проактив әдісін бірінші болып қолданып отыр. Жыл басынан бері елімізде смс-хабарлама арқылы рәсімделген туу туралы куәліктер саны 70 мыңға жеткен.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы