383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресейде қымыз өндірісі артып келеді

  • 110
  • UPD: 22:42, 09.07.2019

Ресейде соңғы жылдары қымыз өндірісі қарқын алып келеді. Бір ғана Челябі облысында бұл кәсіпті жүйелі жолға қойған он шақты шаруашылық бар.

Олар өз өнімдерін арнайы ыдыстарға құйып, сауда орындары арқылы  өткізеді. Қазақтың ұлттық сусынын кіріс көзіне айналдырған ресейлік кәсіпкерлердің бірімен тілшіміз кездесіп қайтты.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Қазір мен Ресейдің Оңтүстік Орал өңіріндегі Қымызды деген ауылда тұрмы. Атауының өзі айтып тұрғандай бұл елді мекенде ежелден бие байлап, қымыз баптаған. Дертке шипа, бойға қуат беретін қазақтың ұлттық сусынына деген мұнда сұраныс зор. Күніне бұл фермада 200 литрдей қымыз өндіріледі.

Мұнда сауын уақыты екі сағат сайын. Жылқы сүті арнайы цехта өңделеді. Ағарғанның бәрі үлкен бөшкеге жиналып, қолдан істелген қондырғымен бабына келгенше пісіледі. Сосын дайын қымыз жарты литрлік ыдыстарға құйылады.

Фирдаус Фахритдинова, технолог:

- Біз күніне 300 бөтелкеге құямыз. Сапасы бойынша екі алтын медальді жеңіп алдық. Батырлардың сусыны деген атауы бар, оны дәлелдейтін сертификаты тағы бар.

Шаруашылық иесі Саляхитдин Мұртазин қырық жылға жуық жылқышылықпен айналысады. Осы уақыт аралығында түрлі жағдайларға қарамастан, қымызға сұраныс артпаса, бәсеңдеген жоқ дейді. Тіпті Мәскеуден арнайы тапсырыспен алдыртандар бар екен.

Саляхитдин Муртазин, шаруа:

- Жарты ғасырдан бері шаруашылық қымыз өндірісмен айналысып келеді. Шипалы сусынды санаторийлерге, балалар ауруханасына, дүкендерге жібереміз.

Айтуларынша  жылқы басын өсіруге Челябі облысының басшылары да мүдделі. Бұл мақсатқа миллион рубльге дейін субсидия қаралған.

Александр Раевский, Челябі облысының ауылшаруашылық министрінің орынбасары:

- Біздің өңірде жылқы малын өсіруге мүмкіндік мол. Қазір асыл тұқымды биелер үйірін қалыптастыруды мақсат етіп отырмыз Тиісінше өнім сапасы да жоғары болады.

Челябінің ірі сауда орындарында қазақстандық қымыз, басқа да сүт өнімдері кездеседі.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы