383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбедегі өзендерге қатысты жоба түзетіледі

  • 93
  • UPD: 14:45, 10.07.2019
Ақтөбедегі өзендерге қатысты жоба түзетіледі

Ақтөбенің сегіз өзеніне қатысты қолға алынған жобаға түзетулер енгізілетін болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы өңірге барған Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің комитет төрағасы Ахметжан Пірімқұлов мәлімдеді. Ол су қоймалары мен жағажайларда болып, атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты. Қала аумағындағы өзендердің табанын тазарту, жағасын бекіту жұмыстары осыдан бірнеше ай бұрын басталған еді. Бұған 2017 жылғы көктемде болған су тасқыны себеп. Ол кезде өзен жағасында орналасқан 900-ден астам үйді су шайып, 110-ы бұзылған болатын. Жобаны іске асыру үшін 6,6 млрд теңге қаржы бөлінген. Алайда жұмыс барысында өзен жағаларындағы тал-теректер кесіліп, ауыр техникалардың жүруінен жер асты суларының көзі бітеліп қалған. Бұл қоғам белсенділері мен қарапайым тұрғындардың наразылығын туғызды. Мәселеге президент Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл бөліп, тиісті министрлік басшысына тапсырма берген болатын. Нәтижесінде арнайы комиссия құрылып, қолға алынған іс уақытша тоқтатылды.

Ахметжан Пірімқұлов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің комитет төрағасы:

– Қазіргі күнде ол тоқтап тұр. Оған өзгерістер енгізіліп болмай, ол жұмыс жалғаспайды. Өзгерістер енгізіліп, сіздермен бірге ақылдасқаннан соң барып жобаны жалғастырамыз.  Прокуратура бар. Барлығы өздерінің тексерістерін жүргізіп жатыр. Егер олардың тексерулерінде бір маманның кінәсі табылса, өздері өз шешімін қабылдайды.

Хабар 24 телеарнасы