384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да мыңнан астам жас «Жасыл ел» арқылы жұмыс тапты

  • 108
  • UPD: 14:48, 10.07.2019

Батыс Қазақстан облысында биыл 1175 бозбала мен бойжеткен «Жасыл ел» жасағына жұмысқа орналасты, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл жалпы ниет еткендердің бестен бір бөлігі ғана. Жастар жаз мезгілінде нәпақа тауып қана қоймай, өңірдің тазалығына үлес қосуға асық.

Орал орман шаруашылығында жастар үшін жұмыс жеткілікті. Жасыл желекті суарып, түрлі құрт-құмырсқадан сақтаумен қатар жаңа көшеттерге орын даярлау керек. Бұл жұмысқа негізінен студенттер жұмылдырылған. Арасында мектептің жоғары сынып оқушылары да бар.

Нұртілек Ғалиуллин, «Жасыл ел» жасағының командирі:

– Әуелі ағаштардың түбін қопсытып, ондағы арам шөптерден тазартамыз, барлығын суарып және жаңа ағаш түрлерін егетін боламыз. «Жасыл елдің» жастарға беретіні өте көп. Мысалы, еңбекке деген құлшыныстарын арттырады, жұмысқа деген ерік-жігерлерін арттырады.

Ауа райының ыстық болуына байланысты арнайы киім үлгісі де жеңіл матадан тігілген. «Жасыл елдің» эмблемасымен қатар тігіншілер Жастар жылының таңбасын да орналастырған. Жұмысшы жастардың арнайы киімі жергілікті фабрикада тігіледі. Мемлекеттік тапсырысты алған кәсіпорын негізінен мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтып отыр.

Берік Әбілқасов, тігін фабрикасының директоры:

– «Жасыл елден» студенттік отрядқа тапсырыс алып жатырмыз. Осындай тапсырыстар көп болғанын қалаймын, себебі, мүгедектер жұмыс істейді.

«Жасыл ел» жасағы сарбаздарының жалақысы 70 мың теңге төңірегінде. Сондықтан жаз мезгілінде жұмыс істеп, нәпақа табамын деушілер саны көп. Мәселен, тек биылдың өзінде 1175 орынға 5 мыңнан астам адам өтініш берген.

Аслан Тапишев, облыстық «Жасыл ел» штабының жетекшісі:

– Қаражат көлемі көбейсе, «Жасыл ел» бағдарламасында жазғы мезгілде өздерінің уақыттарын тиімді пайдаланып жұмыс істесе, 1175 емес, 2000-2500 сарбаз жас бұл жұмысқа тартылса жақсы болар еді. 

Жастар жасағының өңірлік штаб өкілдері көп балалы үйдің өрендерін «Жасыл ел» қатарына алудың арнайы тетігін жасау қажет дейді. Бұл әлеуметтік әлсіз топты қолдап қана қоймай, өскелең ұрпақты еңбекке баулудың таптырмас жолы болмақ.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Ботагоз Базарбаева, Болат Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы