389,96 432,20 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматылық студентке жұмыс бар ма?

  • 264
  • UPD: 14:47, 10.07.2019

Алматы – жастар қаласы.

Шаһардағы 38 жоғары оқу орнында 140 мыңға жуық студент білім алады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Солардың тең жартысынан астамы өзге өңірлерден келген. Жазғы демалыста жұмыс істеп, ата-анасына қол ұшын беріп жүрген жастар аз емес.

Студенттер бұрынғыдай БАМ-ға бармаса да, тың игеріп, қызанақ, жүзім жинауға қолғабыс етпесе де, олардың еңбегіне сұраныс бар. Бұл – ұлттық университеттің студенттік құрылыс жасағы. Каникулда жігіттер шөп шауып, жасыл желектерді кессе, гүлдерді күту, жатақханаларды әктеп-сырлау қыздарға жүктелген. Осындай еңбегіне оларға ай сайын 60 мың теңгеден астам жалақы төленеді. 

Бақдәулет Құдайқұлов, студенттік құрылыс жасағының командирі:

– Бірінші курстан бастап жұмыс жасап келдік. Жазғы уақытымызды тиімді пайдаланып, қолымызды жайып сұрамай, өзіміз ақша тауып, өзіміз киініп, өз жағдайымызды реттедік десек болады. Қазіргі таңда 150-ге жуық студент жұмыс атқарады. Олардың екі мезгіл тамағы, яғни таңғы ас пен түскі ас ҚазҰУ тарапынан қамтамасыз етілген.

Біздің келесі кейіпкеріміз Алмас Төлеубаев оқу орны барлық студентті еңбекпен қамтуға міндетті емес дейді. Алмас –болашақ менеджер. «Жалпы, ниеттенсе студентке еңбек нарығында жұмыс табылады», – дейді ол. Ал өзі әлеуметтік желіні жақсы меңгерген. 1,5 жылдан бері ірі IT компанияда SMM менеджер болып істейді. Жалақысы Қазақстандағы орташа айлықтан көп. 

Алмас Төлеубаев, студент:

– Жұмысты және оқуды байланыстыру оңай емес. Бірақ та ол мүмкін. Мысалы, мен SMM маман болып жұмыс істеймін. Және мен үшін бір жерде тұру керек емес. Маған ноутбук, телефон және интернет қана керек. Сен бүкіл жерде жұмысты істей аласың. Мен бүкіл сабақтарға баруға тырысамын. Өйткені мен үшін білім өте маңызды.

Ал аз-кем ағылшын тілін меңгерген студенттер жазғы каникулда Work&Travel бағдарламасымен АҚШ-қа аттанады. Бір Алматының өзінде осы бағдарламамен жұмыс істейтін 5-6 агенттік бар. Агенттік қызметкерлерінің айтуынша, америкалықтар студенттерге қонақ үй, мейрамхана, демалыс парктері, супермаркеттер мен бассейндерде жұмыс ұсынады. Сағатына 10-12 доллардан төлейді. Бірақ ресми агенттіктерге жұмыс тауып бергені үшін қомақты ақша төлеуге тура келеді. 

Мирас Төлеубай, компанияның бас менеджері:

– Шығынды ақтайды. Біздің студенттер көбісі еңбекқор болып келеді. Барғаннан кейін аптасына 40-50 сағаттық жұмысты оңай істеп тастайды. Мысалы, кейбір студенттер аптасына 100-120 сағат істейді. Ол да дұрыс емес.

Әрине, ата-ана үшін ұл-қызының сабағын жақсы оқығаны абырой. Бірақ оқу мен жұмысты қатар алып, отбасылық бюджетке үлесін қосып жатса, артықтығы жоқ.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Эдуард Кон, Нұрдәулет Жақсыбаев

Хабар 24 телеарнасы