389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақ диаспорасы өкілдерінің балалары еліміздің көрікті қалаларын аралады

  • 235
Қазақ диаспорасы өкілдерінің балалары еліміздің көрікті қалаларын аралады

9 шілде елорда Қазақстан бойынша тоғыз күн бойы саяхат жасаған 200 баланы қарсы алды: бүгін «Туған елге саяхат» Балалар туристік пойызы» жобасының 2019 жылғы маусымының екінші сапары аяқталды.

Пойыз Нұр-Сұлтан қаласына келісімен екінші сапардың салтанатты жабылуына орай балалардың өздерінің қатысуымен арнайы концерт ұйымдастырылды, сонымен қатар концертте сапар барысында өз таланттарын аша білген балалар да өнер көрсетті. Ең белсенді қатысушылар арнайы сертификаттармен марапатталды. Балалар дәстүрлі флешмоб биін көрсетумен қатар достары мен ұйымдастырушыларға өз тілек-ниеттерін білдірді, ал ұйымдастырушылар қатысушыларға өздерінің естелік сыйлықтарын табыстады.

Бұл жолғы сапардың өзіндік ерекшелігін атап өткен жөн, себебі, бұл жолғы сапарға қазақстандық балалармен қатар Қырғызстан, Ресей және Беларусь сияқты көрші елдерден келген жас қатысушылар да аттанды.

Олардың барлығы сапар барысында ауысып отырған Қазақстан табиғатының сұлулығына тамсанып, таң қалғандарын атап өтуде.

Тур барысында балалар Нұр-Сұлтан, Тараз, Байқоңыр қалаларында болып, Балқаш көлін көріп, Алматының сұлулығын тамашалап қайтты. Балалар әр қаланың тарихымен тереңірек танысып, жаңа достар тауып, сапар барысында түрлі үйірмелер мен шеберлік сағаттарына қатысып, уақыттарын қызықты өткізді.

«Алматының таулары өте әдемі. Ал Байқоңырда ракета ұшырғанымыз есімде жақсы сақталып қалды. Барлығы өте қызық болды», – деп Самара қаласынан келген Самат саяхаттан алған әсерімен бөлісті.

Балалардың айтулары бойынша, елордада оларға бәрінен де Назарбаев университетіне ұйымдастырылған экскурсия мен ЭКСПО көрмесі ұнаған. Шет елдерден келген қонақ балалар Нұр-Сұлтан қаласының соншалықты үлкен және заманауи қала екендігін күтпегендерін айтты. Байқоңырда балалар «Қорқыт Ата» мемориалды кешеніне барып, ракета үлгісін ұшырды. Ал Тараз қаласы қатысушыларды өз тарихымен тамсандырды, балаларға бұл қалада ең қатты ұнағаны Айша-Бибі және Қарахан кесенесі болды.

«Маған мұнда болып жатқанның бәрі ұнады. Қазақстанның тарихын зерттеу маған қызық болды, мен енді бұдан да көп жерлерді аралағым келеді. Біз Көктөбеге көтерілгенде мен отырып маңызды бірдеңе туралы ойлағым келді. Ол жердің атмосферасы ерекше. Дәл сол сәтте мен бұл менің Отаным екенін түсіндім», – дейді Омбы қаласынан келген қонақ Мейрам.

Елордаға оралмас бұрын пойыз Балқаш қаласына тоқтады. Онда балалар көлге түсіп, жағада ұлттық ойындар ойнады.

Жобаның 2019 жылғы маусымының соңғы сапары 1 тамызға жоспарланып отыр. Онда тағы 200 бала еліміздің тарихи ескерткіштерін аралап, қалалар бойынша қызықты экскурсияларға қатысып, «рельстегі жылжымалы лагерьде» өз қатарластарымен ұмтылмас тоғыз күнді бірге өткізу мүмкіндігіне ие болады.

Естеріңізге сала кетсек, 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күні «Туған елге саяхат» балалар туристік пойызы» жобасының алғашқы маусымы басталған болатын. Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорымен жүзеге асырылып жатыр және балалардың жан-жақты дамуына, қоршаған әлемге қызығушылығын арттыруға, елдің тарихи және сәулет ескерткіштерімен танысып, патриотизмді нығайтуға бағытталған. Пойыз бағдарына Нұр-Сұлтан, Байқоңыр, Тараз, Алматы және Балқаш сияқты қалалар кіреді.

2019 жылғы маусымның жоба қатысушылары 600 баланы құрайды: «Самұрық-Қазына» АҚ шалғай өңірлерде орналасқан, көп балалы және толық емес отбасында тәрбиеленіп жатқан, оқу үлгерімі жақсы өндірістік кәсіпорындар мен зауыт жұмысшыларының 500 баласы, «Отандастар қоры» КеАҚ-мен серіктестік негізінде шет мемлекеттерден келген қазақ диаспорасының өкілдерінен 50 бала және шығармашылық байқау қорытындысы бойынша Қазақстан бойынша анықталған жеңімпаз 50 бала кіреді.

Ақпарат көзі: Samruk-KazynaTrust әлеуметтік жобаларды дамыту қорының корпоративтік коммуникациялар департаменті

Хабар 24 телеарнасы