389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мамандар меңдуанадан сақ болуға шақырады

  • 445
  • UPD: 14:41, 10.07.2019

Ерсі қылық көрсетіп, түсініксіз сөйлеп тұрған адамнан «меңдуана жегеннен саумысың?» деп сұрап жатады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Оның себебі де жоқ емес. Табиғатта көп таралған өсімдіктің адамның миын улап, басын айналдыратын қасиеті бар. Дәрігерлер: «осы түйнекті өсімдіктің пайдасынан зияны көп болуы мүмкін», – дейді. Емдік мақсатта қолданамын деп уланып қалуға болады.

Елорда тұрғыны Сәния Бекетаева күн сайын немересімен  серуендеуге шығады. Қыдырып жүріп көше бойлары мен  ауладан улы өсімдіктерді жиі кездестіретінін айтады. Әсіресе қарасора мен меңдуана көптеп өседі. «Балалар абайсызда жеп қоймасын деп көре қалсам жұлып тастаймын», – дейді.

Сәния Бектаева, қала тұрғыны:

– Арық бойында алаңқайларда меңдуана қаптап өсіп тұрады. Оны балалар жеп қойса, уланып қалады ғой. Ойнап жүріп гүлін жұлып алса немесе байқамай жеп қойса не болады? Ойға алғанның өзі қорқынышты. Оның улы өсімдік екенін екінің бірі біле бермейді. Сондықтан алаңқайларды, саябақтарды арамшөптен уақытында тазартып тұрған дұрыс.

Әзірге, абырой болғанда, меңдуанамен улану оқиғасы тіркелген жоқ. Дегенмен бұл улы өсімдік жаңбырдан соң шыққан саңыраулақтай қаптап шығады. Тұрғындар оның тұқымын көбіне көкнәрмен шатастырады. Қара меңдуананың тұқымы өте улы. Оның жапырағын, тұқымын жеген адам уланып қалады.

Динат Қожекенов, №1 қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

– Егер өсімдіктің кез келген бөлігін жеп қойса, баланың көруі аздап нашарлауы мүмкін. Аузы кебеді. Су ішкісі келеді. Ары қарай көмек көрсетілмейтін болса, жүрек қағысы жоғарылай бастайды. Көмек көрсетілмейтін болса, комаға түсуі мүмкін.

Галина Башинская, қалалық денсаулық  сақтау басқармасының штаттан тыс токсиколог дәрігері: 

– Көзіміз үйренген, ақшыл, сұрғылт гүлі бар меңдуана былай қарағанда зиянсыз көрінеді. Тұрғындарға айтарым, қала сыртына, табиғатқа шыққанда, саяжайға барғанда айналаны мұқият қарап алу керек. Балаларға абай болыңыздар. Егер де мінез-құлқынан өзгеріс байқасаңыз, бірден жедел жәрдем шақырту қажет. 

Арамшөпті қанша тазартып тастағанымен, шыққан жеріне қайта өседі. Мәселен, меңдуананың жас сабағы балабақшаға кіреберіс жерде өсіп тұр.

Шынара Мәмбетәлиева, компания менеджері:

– Біз арамшөптен тазарту жұмыстарын тұрақты түрде жүргіземіз. Десе де жаңбыр жиі жауатындықтан қайта өсіп кетеді. Меңдуананың қауіпті өсімдік екенін білеміз. Бұдан былай да коммуналық қызметке барынша назар аударамыз.

Меңдуана маусым айынан бастап тамызға дейін гүлдейді. Дәрігерлер әсіресе осы аралықта қырағы болуға шақырады. Егер улы өсімдікті кездестірген жағдайда оны тамырымен жұлып, қайта көміп тастауға немесе өртеп жіберуге кеңес береді.

Хабар 24 телеарнасы