384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандыда төбесі ойылып тұрған тұрғын үй халқы дабыл қағуда

  • 127
  • UPD: 17:30, 10.07.2019

Қарағанды қаласындағы көп қабатты үйдің төбесі опырылып жатыр.

Тұрғындардың бірнеше күннен бері ұйқылары қашып, бесінші қабаттың төбесіндегі бетон плитасының құлайтынын айтып, дабыл қағуда. 

Галина Ташкенбаева бір ай бұрын төбеде пайда болған жарыққа алғашқыда аса мән бермепті. Дегенмен, күннен күнге бетон плитасының ортасы айқара ашылып,төмен түскенде ғана сарапшыны шақырған.

Галина Ташкенбаева, қала тұрғыны:

- Бастапқыда назар аудара қоймадым. Тек төбеде жарық пайда болғанда ғана тәуелсіз сарапшы шақырдым. Ол маған заттарды алып, пәтерден дереу кету керектігін айтты. Содан кейін төтенше жағдайлар қызметкерлерінің көмегіне жүгінуге тура келді.

Юлия Полетаева, қала тұрғыны:

- Екі күн бұрын көршілердің барлығы шулай бастады, бұл жағдай туралы сонда ғана естідім. Әрине пәтерлер біздің меншігіміз екенін түсінемін, біз пәтер мен үйдің коммуналдық жүйесіне жауаптымыз, ал үйдің құрылысына жауап бере алмаймыз. Мұндай қомақты шығынды қалтамыз көтере алмайды.

Көп қабатты үйлер тұрғындардың меншігі болып саналады. Сондықтан заң бойынша баспананы жөндеу жұмысын меншік иелері жүзеге асырулары қажет.

Татьяна Шатохина, Қазыбек би атындағы ауданның әкімі:

- Тұрғындар сараптаманың қорытындысына ақша төлеуге қарсы емес. Сондықтан біз қажетті орган мамандары мен сарапшыларды жалдадық, олар қорытынды шығарғаннан кейін меншік иелері әрі қарай жүргізілетін жөндеу жұмыстарына қаражат жинаулары қажет.  

Сараптамалық қорытындының бағасы он мың теңгеден асса, жөндеу жұмыстарына қыруар қаржы керек дейді үй тұрғындары. Дегенмен, бұл мәселе оң шешімін тапты. Жергілікті билік апаттық пәтер иесінің жалғыз басты ана екенін ескеріп, көмек қолын созатынын айтып отыр.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игликов

Хабар 24 телеарнасы