384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыстағы төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр

  • 150
  • UPD: 20:08, 10.07.2019

Оқдәрі сақталған қойма аумағында арнайы құрылған жедел топ тазарту жұмыстарын жүргізуде.

Бұл туралы қорғаныс министрі мәлімдеді. Бүгін тілшілер алдына келіп, баяндама жасаған Нұрлан Ермекбаев Арыс оқиғасына қатысты тағы біраз тың деректерімен бөлісті. 

Министр баспасөз мәслихатын Арыста мерт болған үш азаматтың отбасына көңіл айтумен бастады. Осы оқиғада жазым болған екі әскеридің жанұясына өтемақы қарастырылғанын да жеткізді. Әрі марқұмдардың артында қалған балаларына қамқорлық көрсетілетін болды.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Қорғаныс министрі:

- Біз олардың отбасында болдық. Ауыр қазаға қарамастан туыстарының әскери қызмет ерекшелігіне түсіністікпен қарайтыны бізге ерекше әсер етті. Сонымен қатар маральдық-материалдық зардап шеккен адамдарға ортақтасып тағы бір мәрте көңіл білдірем. Бұл халық үшін ортақ қиындық. Армия мен халық бір ұғым.

Қазір оқдәрі қоймасының  төңірегі әуеден пилотсыз ұшатын аппараттармен де бақыланады. Мамандар қала маңын күн-сайын тікұшақпен барлап отыр.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Қорғаныс министрі:

- Жоғарғы бас қолбасшының тапсырмасымен қазір арсеналдан жарылмаған оқ-дәріні әкету жүргізілуде. Әскери қарауылдар, әскери полиция күштері оқ-дәріні алып жүруді күзетеді. Төтенше жағдай салдарын жоюға тартылған қарулы күштердің барлық бөлімшесі қаланы қалпына келтіру жұмысын жалғастыруда.

Сонымен қатар Нұрлан Ермекбаев өзіне жүктелген жауапкершіліктен ешқашан қашпайтындығын айтып, Арыстағы жарылысқа кінәлілер қатаң жазаланатын болады деді.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Қорғаныс министрі:

- Жағдайды әділ бағалау үшін жауапкершілік пен кінәні шатастырмаған жөн. Мен жауапкершіліктен қашпаймын. Ал кінәні сот анықтайды. Бұған дейін бірнеше рет өз атымнан, әскерилер атынан Арыс тұрғындарына жағдайға байланысты өкініш білдірдім. Қаралы үйге көңіл айттым, кешірім сұрадым. Әлі де зардап шеккендерден жүзбе-жүз кездесіп, кешірім сұрауға дайынмын.

Ермекбаев мырза Арыстағы жарылысқа адами фактор, өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы немесе электр желілерінің қысқа тұйықталуы, химиялық реакция сынды техникалық себептер болуы мүмкіндігін алға тартты. Министр тіпті қасақана өрт қою дерегі болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады. 

Авторы: Айнұр Қуатқызы

Хабар 24 телеарнасы