389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейліктер Арыстан демалысқа келген балаларды құшақ жая қарсы алды

  • 324
  • UPD: 20:24, 10.07.2019

Арыстағы ағайынның жағдай жақсарту үшін бүкіл ел шама-шарқынша қол ұшын созуда. Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысынан лек-легімен гуманитарлық жүк жөнелтілсе, жаңа оқу жылына дейін осы өңірде 450 арыстық оқушы тынығып, денсаулықтарын нығайтады.

Олардың алғашқы тобын семейліктер теміржол бекетінде қуанышпен қарсы алды.

Түркістан өңірінен келген арыстық оқушыларды Абай туған өлке ән мен жырдан шашу шашып қарсы алды. Шынайы достық осындайда сыналады. Жазғы каникулға қарамастан ат терлетіп келген жас достарын қарсы алуға семейлік жеткіншектер аз жиналмады. Бәрінің тілегі қиналғанда демеу болу. 9 жастағы Бағдәулет Темірхан Ертіс жағасындағы «Қарағайлы» шипажайына келіп орналасты. Оқуда үздік балақай көңілі жадырағанын айтады.

Бағдәулет Темірхан, оқушы:

- Бұл жерді мен бұрын теледидардан, жаңалықтардан көретін едім. Мінеки, енді Абай атамыздың жеріне келіп жатырмын. Ертіс өзенін де енді ғана көрдім, бұрын да оны телехикаядан көретін едім. Бұл жер өте әдемі екен. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болса екен. Бұл жақтан да достар табамын, өйткені бұл жақтың адамдары өте мейірімді, қарапайым екен.

Бүгін пойыздан түскен 150 арыстық оқушының 50-і Семейде қалса, қалғандары Қатонқарағай ауданы мен Риддер қаласына аттанды. Ал «Қарағайлы» шипажайында білікті дәрігерлер мен тәжірибелі тәлімгерлер балалардың демалыстары қызықты әрі пайдалы болуы үшін барлық жағдайлар қарастырылғанын айтады.

Бағлан Шегедеков, шипажайдың бас дәрігері:

- Біздің шипажай қарағайдың ортасында тұрған орын. Қарағайдың ауасы да адамға дәрі, ем. Осы таза ауада да үлкен шаралар балалармен бірге өткізіледі. Ол спорт шаралары, ойындар. Жақсылап демалтамыз, жақсылап тамақтандырамыз. Көңіл күйлерін көтеріп, 10 күннен кейін жақсы көңілмен үйлеріне аттандарымазы деген үлкен ойымыз бар.

Оңтүстіктен келген оқушылар 10 күнде шипажайдан бөлек қаланың көрікті орындары мен мәдени ошақтарын аралап көреді. Мұнан бөлек Абай, Мұхтар, Шәкәрім дүниеге келген Шыңғыстау өңірін де арнайы араламақ. Ендеше арыстық балалар тек ғана тынығып қоймай, рухани жандүниесі де толысып оралады деген сөз.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы