389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде азаматтардың жеке мәліметімен айналысатын комитет құрылуы мүмкін

  • 298
  • UPD: 11:40, 11.07.2019

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев хабарлады.

Мұндай шешімге 11 млн қазақстандықтың дербес деректерінің ашық интернетке шығып кетуі себеп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Технология дамыған сайын кибершабуылдаушылар да белсенді бола түсті. 11 млн қазақстандықтың дербес дерегі ашық интернетке жария болғаны көпті есеңгіреткені рас. Жеке деректер «Damumed» медициналық ақпараттық базасынан да тараған. Ең сорақысы, ақпараттарды бөгде тарапқа ұйым қызметкері жеткізіпті.

Наталья киль, «Даму» ақпараттық технологиялар орталығының бас директоры:

- Жүйені зерделей келе, оның 12 рет қаралғанын анықтадық. 7-еуі дербес деректер жасырынған күйде Фейсбук желісіне жүктелген. Адамның тегі, мекенжайы өшірілгені байқалады. Әйтпесе, пациент жайлы мағлұматтар жария болар еді. Жағдай осылай болды.

Мамандардың айтуынша, еліміздегі әрбір үшінші компьютерде вирус бар. Яғни деректер 100% қорғалған деуге келмейді. Оның үстіне киберқауіпсіздікке жауапты білікті мамандардың тапшылығы жиі айтылады.

Руслан Әбдіқалықов, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары

- Қолда бар ақпаратқа сай мемлекеттік ақпараттық жүйе хакерлерден емес, қызметкерлердің жауапсыздығынан бұзылған. Мамандар осы деректер шоғырланған интернет-ресурсты қызметтік мақсатта пайдаланған ғой. Демек, бұл ресурс ақпараттық қауіпсіздік тұрғысында қорғалмаған болып шықты.

Елімізде жыл сайын мемлекеттік мекемелердің киберқауіпсіздігін қорғауға 70 млрд теңгеден аса қаражат жұмсалады. Қазақстанда 140 мың веб-сайт тіркелген. Мамандардың айтуынша, әсіресе, мемлекеттік сайттар кибершабуылға жиі ұшырайды екен. Бұл реттеледі. Алайда, 11 млн адамның дербес дерегі ашық интернетке шығып кетуі ойлантарлық мәселе.

Бірақ бұл деректер желіге жабық күйде тараған. Десе де, мамандар ақпараттың толық қорғалғанына сенімді емес.

Виталий Ермоленко, IT-маман:

- Біздің көргеніміз, IT-мамандардың қателігі. Желіге тіркелмеген адамның белгілі бір деректерге қол жеткізуі екіталай. Бірақ жүйеде бір гәп бары анық.

Кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығының мамандары материалды құқық қорғау органдарына жіберген. Ал Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жанынан жеке мәліметтермен айналысатын комитет құрылуы мүмкін.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ерзат Зайытхан

Хабар 24 телеарнасы