389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хрусталь» балаларды елімізде емдеу мүмкіндігі туды

  • 251
  • UPD: 10:22, 11.07.2019

Қазақстанда 50-ден аса «хрусталь» бала тіркелген. Енді сүйегі сынғыш балаларды елімізде емдеу мүмкіндігі туды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Отандық дәрігерлер украиналық мамандармен бірлесіп, науқастарға бисфосфонат тобындағы препараттарды тегін құяды.

Балнұр мен Нұрислам өмірге сау болып келген. Ағайындылардың бірі 10-да, екіншісі 9-ға толды. Олар 8 жылдан бері сүйектері морт сынатын күйге түскен. Жетілмеген остеогенез дертіне шалдыққан балалар жыл сайын Мәскеуден тиісті ем-домын алып келді. Бірақ қомақты қаражат ата-ана қалтасына салмақ салған.

Андрей Пашенко, балалар ортопед-травмотологы (Украина):

- Біз бірнеше жылдан бері осындай науқастармен жұмыс істейміз. Емдік курс барысында балаларға кальций, бисфосфонат тобындағы препараттар беріледі. Ол науқастардың сүйектерін қатайтады. Бұл ем шараларының нәтижелі болуына септігін тигізеді. Көріп тұрғандарыңыздай, науқастардың сүйектері тым жұмсақ әрі қисайып кеткен. Бұл олардың жүріп-тұруына кедергі келтіреді. Біздің міндетіміз – балалардың сүйектерін қатайту. Сәтін салса, оларға операция жасалады. Аяқтарын түзеп, өздігінен қозғала алатындай жағдай жасаймыз.

Он мың адамның бірі осы дертке шалдығуы ықтимал. Сүйегі сынған баланы гипспен емдеу бар, бірақ науқасты аяғына тік тұрғызу отандық медицина үшін күш болатын. Дәрігерлер құр отырмай, шетелде жүргізілетін қымбат ем-шаралардың елімізде тегін өткізілуіне қол жеткізді.

Болатбек Досанов, ортопед-травматолог дәрігер:

- Біз бұл күнге көп дайындалдық. Халықаралық тәжірибені көрдік. Елімізде қанша бала бар, бәрінің санын тіркеп, бүгін бірінші рет осы емін өткіздік. Тіркеуімізде 54 бала бар. Сол балаларға әр 3-4 ай сайын бұл ем қажет.

Тұқым қуалайтын дертке шалдыққан балалар бұдан да көп болуы мүмкін. Қазір елімізде осы ауруды емдейтін білікті генетиктер тапшы. Дегенмен, ата-аналар отандық медицинаның алға жылжып келе жатқанына қуанады.

Алмагүл Нарбутина, ата-ана:

- Мәскеуде жеке клиникада емделгенбіз. Бисфосфонат қабылдағанбыз. Жылына 4 рет баратын едік. Енді нәтиже болды. Бірінші курстан кейін пайда көрдік. Балалар қозғала бастады. Сүйектері сәл қатайды. Кеше қызыма бірінші рет құйды. Елордада мүлдем болған емес.

Қазақстанда «хрусталь» балаларға күтім жасайтын реабилитологтар қажет. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігі қолдаса, мамандарымыз бар мүмкіндікті қарастыруға әзір. Келешекте жетілмеген остеогенез дертіне шалдыққан балаларға операция да жасалуы бек мүмкін.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы