389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда биыл маса өлтіруге қалалық бюджеттен 130 млн теңге бөлінді

  • 457
  • UPD: 11:01, 11.07.2019

Жайық-Каспий су айдыны атырабында орналасқан Атырау облысының тұрғындары масадан қалай қорғанады?

Бұрнағы жылдары бұл өңірдің масасы жан-жануарға да адамға да көп зиянын тигізетін. Дезинфекция жұмыстарын дұрыс жолға қоюдың нәтижесінде қазір маса мүлде азайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Атырауда масаның ошағына айналған әрбір нүкте ең кемі айына бір рет залалсыздандырылады және бұл жұмыстар сәуір айынан бастап қарашаға дейін жалғасады. Ал дезинфекция жасаушылардың жұмысын коммуналдық шаруашылық бөлімі мен көп қабатты тұрғын үй секторындағы 75 пәтер иелері коооперативінің басшылары қадағалайды.

Гүлжамал Жолдасова, қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

- Қаланың ішіндегі бүкіл ашық аймақтар, елсіз жерлер, өзен-судың жағалаулары, ашық су қоймалары барлығы кешкілік уақытта масаға қарсы уланып жатыр. Оған біздерден былайғы күндері кесте бойынша бір маман бөлініп басы-қасында жүреді. Қандай умен улайтыны, ол удың бәрі сараптамадан өткізілген.

Атырау қаласы мен оған жақын орналасқан елді мекендер бойынша 40 миллион шаршы метрден астам аумақ маса өлтірушілердің жіті назарында. Маса өлтірудің де өзіндік қыр-сыры мен технологиясы бар екен.

Айнагүл Дәулетиярова, биолог-энтомолог:

- Ең бірінші сәуір айынан бастап біз қаланы барьер жасаймыз. Бұл дегеніңіз, бірінші қалаға қоршау жасап аламыз. Одан кейін барып көбіне масаның ошақтарына айналатын тоған сулары бар, жинақталған сулар бар, дренажды сулар бар, соларды дәрілейміз содан кейін барып қаланың іші, парктер, көшелер және мына көп қабатты үйлерді улаймыз.

Бекен Әлирахым, тілші:

- Мамандар масаға қарсы циперметрин, сольфак және агран секілді препараттарды қолданып жүр. Адамдар мен жан-жануарларға зияны жоқ. Ал қансорғыштарға қарсы әсері де берген нәтижесі де көңілден шықты. Өйткені бұрындары тұрғындар кешкілік саябаққа серуендемек түгілі көшеге шыға алмай қалатын.

Биыл маса өлтіруге қалалық бюджеттен 130 миллион теңге бөлінді. Ақшасы жеткен секілді.Өйткені осы маусымда маса мүлде аз. Тағы бір қызық жайт, мына саябақты сенімдік басқаруға алған мекеме өкілдерінің қатты қуанғаны соншалық масаға ескерткіш орнатуға әзер қалған болатын. Бірақ бұл бір түрлілеу ұсынысты әкімшілік қабылдаған жоқ.

Тағы бір мәселе, маса шақты екен деп бұл жәндіктерді түгелдей қырып салуға болмайды. Өйткені табиғат ештеңені артық жаратқан жоқ. Маса балық шабақтарының бірден бір қорегі. «Сондықтан биологиялық талаптарды да сақтаған абзал», - дейді мамандар.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы