389,96 432,20 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында егін ору науқаны басталды

  • 297
  • UPD: 14:17, 11.07.2019

Алтын ораққа алғашқылардың бірі болып Кербұлақ ауданының шаруалары кірісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар биыл 88 мың гектарға дәнді-дақыл сеуіп, әр гектарынан 25 центнерден өнім алып жатыр.

Күреңбелдік шаруалар үшін нағыз қарбалас басталды. Теңіздей толқыған алтын астықты шашау шығармай жинап алуға олар бар күшін жұмылдырды. Әсіресе, Саят Ерденов сияқты комбайншыларда тыным жоқ. Жаңа техниканы тізгіндеген ол бел жазбай, еселі еңбектің өтемін бастырып жатыр.

Саят Ердесов, комбайншы:

- Бұрын ескі комбаинмен 10-15 гектар шабатынбыз. Қазір жаңа комбаин жақсы салқындатқышы бар. Күніне 30-40 гектарға дейін шабамыз.

Егін ору науқанына «Қызылшоқы» шаруашылығындағылар тыңғылықты дайындалды. Сондықтан қазір техникалары тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. Қожалық жетекшісі Алдан Бекеев биыл 5 мың гектар жердің тең жартысынан астамына асыл тұқымды арпа сепкенін айтады. Қазір содан мол өнім ала бастады. 

Алдан Бекеев, қожалық жетекшісі:

-Жай тұқымдар еккен кезде 10-15 центнер өнім шығатын. Ал былай 10 центнерден өнім алатынбыз. Сапалы тұқым еккелі бері жылдан жылға жағдайымыз жақсарып, мол өнім алып жатырмыз. Әр гектардан 30 центнерден өнім алып жатырмыз.

Өңірдегі дәнді-дақылдың 20 пайызға жуығы Кербұлақ ауданында өсіріледі.Аймақта биыл жауын-шашын көп болды. Сәйкесінше, тәлімді жердің өзінде де егін бітік шықты.

Жалғас Қатжанов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Ауданда екі жарым мың шаруа қожалық бар. Бүгінгі күнге тек қана 7-8 шаруашылық қана егін ору науқанын бастады. Әр гектардан 25-30 центнерден беріп жатыр. Техникамен толық қамтамассыз етілген. Оның сыртында 250 астық оратын техникамыз бар.

Кербұлақ ауданында егін ору науқаны екі кезеңмен жүргізіледі. Күнгейдегісі осы шілдеден бастап жиналса, ал теріскейдегісін тамыз айынан орылады. Жалпы биыл ауданда 88 мың гектардан 185 мың тонна өнім алу көзделген.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы