384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жекеменшік балабақшалар бәсекеге қабілеттілігін арттырып келеді

  • 139
  • UPD: 21:05, 11.07.2019

Балабақша кезегі әлі де өзекті мәселелер қатарынан түсер емес. Елордалық ата-аналар балаларын ертіп мемлекеттік балабақшалардың табалдырығын тоздырып жүр.

Ал қала билігі болса, жекеменшік балабақшалардың сапасы мемлекеттіктен кем түспейтіндігін айтып, жол сілтеп әлек. Мамандар,дәл қазір кезекті топтау кезінде осы жекеменшік балабақшаларға орындар көбейгендігін айтады.

Баланы балабақшаға тіркеу,  кезекке қою осының бәрін кез-келген ата-ана жатқа білетіні анық. Алайда, кезегін күтпей, әр балабақшаның есігін  қағып сарсаңға түсетіндер көп. Бұл мәселені қалалық билік бір жақты ету үшін бірқатар шараларды қолға алған болатын. Бүгін  мемлекеттік тапсырысы бар жекеменшік балабақшалардың ашық есік күнін өткізді.  Қазір бас қаладағы  бүлдіршіндердің 36 пайыздан астамы осы жекеменшік мекемелерге барады. Бұл мақсатқа мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы бөлінген.

Жазира Асанова, қалалық білім басқармасы стратегия және цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы:

- Жекеменшік те де, мемлекеттік балабақшада да қосымша қызметтер бар. Мысалға хореграфия, шет тілдер немесе каратэ сияқты үйірмелер бар. Ол үйірмелер қосымша ақша төленеді. Олар мемлекеттік болса да жеке меншік болса да жеке төленеді. Олардың барлығы ата-ананың қалауы бойынша ол қызметтерге бөлек келісім-шарт беріледі.

Бас шаһарда 94 мемлекеттік балабақша бар. Ал жекеменшік бақшалардың саны 200-ден асып жығылады. Соңғысы мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейді. Сондықтан төлем жағынан мемлекеттік балабақшадан айырма алшақ емес. Ата-аналардың меншік бақшаға төлейтін ақысы 20 800 теңге, ал мемлекеттік балабақшадағы төлемақы 16 800 теңге.

Рамиль Идыров, ата-ана:

- Біз үйімізге жақын маңнан балабақ іздегенбіз. Ал қазір мемлекеттік тапсырысы бар болғандықтан жекеменшік балабақшаны таңдадық. Бағасы да тиімді. Жұмысқа да, үйімізге де жақын. Балаларға ұнайтын болады деген үміттемін.

Жекеменшік балабақшалар саннан сапаға көшу үшін барын салып бағуда. Ата-аналарды балаларын заманауи тәсілдермен дамытамыз деп баурап алғысы келеді. Үйірменің де бірнеше түрін ашық қойған. Тиімдісі сол, кешкі 7-ге дейін қызмет етеді. Күніне бес уақыт тамағы тағы бар.

Баян Ахатаева, жекеменшік балабақша басшысы:

- Біз енді-енді қадам басып келе жатқан балабақшамыз. Жұмыс жасағанымызға біржарым жылдың көлемі болды. Бірақ қала ішінде жақсы деген атымыз бар. Қызмет сапасы жоғары болса ешқандай мәселе болмайды.

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсетудің ортақ бірыңғай порталы бар. Сол Е.астана.кз арқылы жеке кабинетке тіркеліп, кезең нөмірін бақылай аласыз. Жалпы мұнда 16 мыңнан астам бүлдіршін балабақша кезегін күтіп жүр.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы