384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысында 7 млн бекіре шабағын табиғи ортаға жіберу жоспарланып отыр

  • 191
  • UPD: 21:41, 11.07.2019

Атырау облысындағы балық өсіретін екі зауыт биыл 7 миллион дана бекіре шабақтарын өсіріп, табиғи ортаға қосуды жоспарлап отыр.

Бұл балық өсірушілер үшін жоғары көрсеткіш. Өткен жылдың аяғындағы Жайық өзенінде тіркелген балық қырғынында зауытта 178  ірі балық шығын болған еді. Дегенмен табиғат қарасып, көктемгі маусымда балық өсірушілер өздеріне керекті аталық-аналық бекіре тұқымдастарды аулап үлгерді. Бүгінде, қолдан өсірілген сол шабақтардың алғашқы легі Жайық өзеніне жіберіле бастады. 

Бұлар-осыдан 1,5-2 ай бұрын уылдырықтан өндіріліп жабық тоғандарға жіберілген бекіре тұқымдастардың шабақтары. Биыл шоқыр мен сүйрік балықтары ерте жетіліпті. 

Мәншүк Темешова, ихтиологиялық мониторинг және балық аулауды реттеу бөлімінің басшысы:

- Норма бойынша өсірілген бекіре тұқымдастардың салмағы 1,5 граммнан артық болуы керек. Ал биылғы жылғы шоқыр шабағының салмағы өсірілген, 8 граммнан жоғары. Сүйрік 10 граммнан жоғары. Ол жағдай шабақтардың қоршаған ортада тез қалыптасып, өсіп-өнуіне қолайлы.

Өткен жылғы Жайық өзенінде орын алған апатты жағдай балық өсірушілер мен ихтиологтарды қатты алаңдатты. Зауыт тұқым алу мақсатында өсіріп отырған 277 бекіре тұқымдастардың 178-ін жоғалтты. Осылайша мемлекеттік тапсырыстың орындалмай қалу қаупі төнді. Қазір жағдай біртіндеп қалыпқа түсіп келеді. 

Ғиылман Сәрсемәлиев, бекіре шабақтарын өсіру зауытының директоры:

- Атап айтсақ, 185 бас өнім беруге дайын бекіре балықтарын аулап, зауытқа алып келдік. Нәтижесінде олардан уылдырық, ұрықтарын алып, қазір шабақтарды өсіріп, өз стандарттарына жеткізіп, шамамен 3 млнның үстінде мемлекеттік тапсырыс 3,5 млнға жеткіземіз деген ойдамыз. 

Түліктің төлден өсетіні секілді, алып бекіре тұқымдастар осындай кішкене шабақтардан өсіп жетіледі. Ол ұзақ процесс. Мысалы бекіре балығының тұқым беру жасына жетуі үшін 7 жыл, шоқырға 10-12,  ал қорытпа балығына 17 жыл уақыт керек екен.  Сондықтан оларды мүмкіндігінше молырақ өсіру кезек күттірмейтін іс.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Ихтиолог-ғалымдардың пайымдауынша, осы өсірілген щабақтардың тек 1 проценті ғана туған табиғатта өсіп-жетіледі екен. Бұл бір қарағанда өте аз көрінуі мүмкін. Егерде әр зауыт жылына 3,5 млн шабақ өсіретінін ескерсек, ол 35 мың тірі балық деген сөз. Яғни Жайық-Каспий бассейніндегі балық қоры азаяды дегенге әзір негіз жоқ.

Биыл Атыраудағы екі зауыттан 7 миллион бекіре шабағы табиғи ортаға жіберіледі деп жоспарланып отыр. Олардың басым көпшілігі бекіре, шоқыр және сүйрік балықтарының тұқымдары. 

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Матенов

Хабар 24 телеарнасы