384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентте көшеде қайыр сұрауды кәсіпке айналдырғандар азаймай тұр

  • 111
  • UPD: 09:31, 12.07.2019

Шымкентте полицейлер жыл басынан бері 500-ден астам тұрғынға қайыршылық жасағаны үшін әкімшілік хаттама толтырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал таяуда арнайы рейд жүргізіліп, көшеде заңсыз ақша тапқысы келетіндер едәуір азайды. Дегенмен, қайыр сұрауды кәсіпке айналдырғысы келетіндер уақыт өте келе әдеттеріне қайта көшеді. Олар көбінесе базарлар мен халық көп шоғырланатын сауда орындарын айналшықтайды.

Шымқаладағы «Ордабасы» алаңы қайыр сұраушылардың тұрақты мекеніне айналғалы қашан. Белі қайысқан кейуаналар бір жақтан, шиеттей бала-шағасын жетелеген әйелдер екінші жақтан жамырап қоя береді. Бәрі қол жайып, көмек сұрайды. Рая әжей полицейлер мен түсіру тобын көре салысымен ашуға булықты.

Кейбірі шынымен тұрмыс тауқыметін тартып жүргенін айтса, басқалары ашылып әңгімелесе қоймады. Ал Иван Лунин болса қайыр сұрағаннан заңсыз болса да сауда жасағысы келеді.

Иван Лунин, қала тұрғыны:

- Әрине, қол жайып қайыр сұрап отырған жеңіл дүние. Бірақ менің оған арым жібермейді. Өзімнің адал еңбегіммен нан тапқым келеді.

Полицейлер заңға сәйкес, алдымен ескерту жасайды. Көнбегендерінің құжатын тексеріп, хаттамалар толтырады. Бұл заңсыз әрекет үшін 13 мың теңге айыппұл да салу қарастырылған. Өзбекстан, Тәжікстан сияқты бірнеше шетел азаматшалары өз елдеріне қайтарылыпты.

Данабай Әлиев, қалалық ПД ЖПҚ бөлімше басшысы:

- Биылдың өзінде шетел азаматтары қайыршылық жасағаны үшін 61 азаматты Қазақстан Республикасынан тыс өз елдеріне қайтардық. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады. Қаламызды, мегаполисті таза, қауіпсіз қала қылу үшін біз өз жұмысымызды атқарамыз.

Рейдтен кейін қала көшелері тазарып қалды. Алайда полицейлерді көре сала қарасын батыратындар біраздан соң бейне бір қайыр сұрауды кәсіпке айналдырғандай қайта оралып жатады.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Катерина Попкова

 

Хабар 24 телеарнасы