383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе көшелерінде қайыр сұраушылар жиілей түскен

  • 101
  • UPD: 12:22, 12.07.2019

Жаз басталысымен көшелерде қайыр сұраушылар Ақтөбеде де жиілей түскен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оларды ұстап, жеке басын анықтаған полиция қызметкерлері көпшіліктен көмек тілеуді кәсіп еткендердің басым бөлігі Орта Азия елдерінен келген азаматтар екенін дәлелдеген. Өткен жарты жылдың өзінде 100-ден аса дәл осындай дерек тіркеліпті. Тәртіп сақшылары қоғамдық орындарда қарапайым адамдардың мазасын алу заңға қайшы екенін ескертуде.

40 жастағы Александр Галкиннің қайыр сұрауды әдетке айналдырғанына алты жыл болған. Себебі қан тамыры ауруына шалдыққан оң аяғынан айрылған соң жұмысқа жарамсыз күйде. Өзі бұл істің заңсыз екенін біледі. Бұған дейін бірнеше рет полиция қызметкерлерінің қолына түскен. Бірақ көпшіліктен көмек сұрауды доғарғысы жоқ.

Александр Галкин, қала тұрғыны:

Өмірім осылай өрбіп жатыр. Зейнетақы алам әрине, бірақ жетпейді. Отбасым бар. Бір қызым тұрмыста болғанымен, кішісі Орынборда оқиды. Соған көмектесуім қажет. Әрі біз пәтер жалдап тұрамыз. Күніне мың жарым, екі мың теңгеге дейін ақша табам. Тек әншейін сұрап отырғаным жоқ, қолымдағы гитараммен ән айтып, өнерімді көрсетемін.

Александр секілді биыл жүздеген адам анықталған. Көше кезіп, қайыр сұрағандардың жеке басына қатысты мәліметтер белгілі болған соң тиісті мекемелерге орналастырылған. Мәселен, қаладағы ауыр тұрмыстық жағдайдағы тұлғаларды қайта әлеуметтендіру орталығында 51 адам жатыр. Оның басым бөлігін бұрын сотталғандар мен барар жері жоқ мүгедектер құрайды. Арасында осы жерге келгенше көпшіліктің көмегіне зәру болғандар да бар.

Райса Дармышева, әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман:

- Қайыр сұрап отырған адамдарды әкелгенімен, оларды біздер қалдыра алмаймыз. Өйткені, олардың нақты тұратын жері бар. Мүгедектігін растайтын құжаттары бар және жәрдемақыларын алып отыр. Енді олардың қайыр сұрап отырған жағдайларына келсек, күнбе-күнгі табыс ертінде шығар. Жетпейтін шығар. Бәрі мүмкін деп ойлаймыз.

«Қайыр сұрау – әкімшілік құқықбұзушылыққа жатады», - дейді полиция қызметкерлері. Себебі, заң бойынша қоғамдық орындарда көпшілікке тиісіп, мазасын алуға болмайды. Сондықтан да көшелерді аралап, тәртіптің сақталуын бақылау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Тәулігіне 10-нан астам азамат қабылдау-тарату бөлімдеріне жеткізілетін көрінеді.

Ерболат Сарқұлов, облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Қайыр сұраумен айналысатын азаматтар көбінесе жаз мезгілінде көбейіп кетеді. Себебі олар Орталық Азиядан келетін азаматтар. Тәжікстан және Өзбекстан азаматтары. Бірақ жергілікті Ақтөбе қаласының тұрғындары да кездеседі. Жағдайы төмен. Шетел азаматтары полиция бөлімдеріне жеткізіліп, құжаттары тексеріледі. Егер де көші-қон заңнамасын бұзғаны болса, олар ҚР-ның шекарасынан шығарылады.

Жалпылай алғанда, облыс бойынша соңғы жартыжылдықта мыңнан аса әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Оның арасында қоғамдық орындарда спирттік ішімдік ішіп, көпшіліктің мазасын алғандарда да бар. Бұдан бөлек, вокзалдар мен базар және саябақтар маңында дауыстап, такси қызметі мен жалдамалы пәтер ұсынғандар тәртіп сақшыларының назарына іліккен.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбек Даутов

Хабар 24 телеарнасы