384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысы арыстық 173 баланы күтіп алды

  • 132
  • UPD: 15:47, 12.07.2019

Павлодар облысы апаттан зардап шеккен Арыс қаласында 325 үйді қалпына келтіреді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Апатты аймаққа 70 миллион теңге қаржы аударып, 90 тонна гуманиатарлық көмек жөнелтті. Сонымен қатар 300 балаға демалыс ұйымдастыруға шешім қабылдап, қысқа мерзімде 130 баланы арнайы ұшақпен алдыртқан болатын. Олар Баянауылда демалып жатыр. Ал бүгін тағы 173 баланы күтіп алды. Кішкентай меймандар теміржол вокзалынан демалыс лагерьлеріне жайғастырылды.

Бұл жолы Арыстан келген бүлдіршіндер Ақсу ферроқорытпа зауытының «Мечта»  және Шарбақты ауданының «Шағала» жазғы сауықтыру  лагерьлерінде демалатын болды. Алыс жолдан келген кішкентай меймандарды жергілікті атқарушы билік өкілдері күтіп алды. Жазғы демалысты ұмытылмастай етіп ұйымдастыруға уәде берді. Бүлдіршіндер де бұл сәтті асыға күтіпті.

Талшын Бекнұралы, Арыс қаласының тұрғыны:

- Жақсы жеттік Павлодар қаласына. Әлі қызықты оқиғалар өтеді деген ойдамын. Біз үйден бір сіңілім, бір інім болып, үшеу болып келдік. Осы жерге келуге өте қатты асықтым.

Ақсу ферроқорытпа зауытының жазғы сауықтыру лагері Ертіс өзенінің қойнауында орын тепкен. Жасыл желекке малынған табиғаты да ерекше көркем. Балалардың уақыты танымдық, шығармашылық және спорттық бағытта әзірленген бағдарламаға сай өткізіледі.

Жанарыс Арнабек, тәрбиеші:

- Біз мысалы спорттық шаралар ұйымдастырамыз, бассейнге апарамыз. Қалашығымыз бар соларға апарып демаламыз. Тағы да айта кететін болсақ, осы Арыстың балалары тек қана осы біздің лагерьдің аумағында ғана жүрмей, оларды біз қалаға, Павлодар қаласына апарамыз. Яғни, ол жерде Павлодар қаласының тарихымен таныстырамыз.

Айнұр Рахимова, лагерь директорының орынбасары:

Күнде бес мезгіл тамақ ішеді. Олар жеміс-жидекті, тәттілерді де, шырын ішеді. Біздің тамақ үйдің тамағындай. Балаларға ұнайтынына сенімдімін.

Ақсу қаласы жазғы демалыспен 100 баланы қамтып отыр. Қалған 73 бала Шарбақты ауданындағы «Шағала» лагерьіне орналасты.

Ризагүл Негманова, Шарбақты ауданы әкімінің орынбасары:

- Балалар бүгінгі күні таза орманды көреді. Орманның таза табиғатын көреді, ауасымен демалады. Біз балаларға әр күнге бір әдемі жақсы үш-төрт іс-шара дайындап отырмыз. Сонымен қатар балалардың естерінде қалуы үшін біз балаларға ауданымыз бойынша үлкен саяхат жасайын деп отырмыз. Сакралды жерлерге апарамыз.

Әр өңір өзінің дара тұлғаларымен, қайталанбас сұлу табиғатымен, терең де мағыналы тарихымен ерекше. Шарбақты ауданы бүлдіршіндерге Мұзафар Әлімбаев жырлаған әйгілі Маралды көлін көрсетіп, киелі орындарға саяхат жасатуды жоспарға алыпты. Ал, Ақсу аумағында демалушылар облыс орталығының көрікті жерлерін, мәдени орындарын аралайды.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспонов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы