384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елорда іргесіндегі аудан: жарық жоқ, құдықтар ашық жатыр

  • 122
  • UPD: 23:36, 12.07.2019

Елорданың іргесіндегі Үркер ауданында көшенің қақ ортасындағы кәріз құдықтары ашық жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірнеше адам мен үй жануарлары талай құлап мертіккен. Бұдан басқа 20 мың тұрғыны бар елді мекенде балалар алаңы жетіспейді. Жаңа көшелер салынса да жарығы мен аялдамасы жоқ. Жұртшылық шағымын айтып жатыр.

Үркер тұрғын алабы. Елорданың іргесінде орналасқан. Шағын аудан деуге келмес. 20 мыңдай халқы бар. Даму бағдарламасына сәйкес 4 кезеңге бөлінген. Мәселен, бұл – үшінші сектор. Мына жерге балалар алаңы салынады деп электр желілері тартылған екен бір кезде. Бірақ алаң арғы бетте жасалыпты. Ал мына маң сол күйі қалған. Сымдар ашық-шашық жатыр. Тоғы бар дейді.

Қарашаш Тәшенова, Үркер тұрғын алабындағы қоғамдық кеңестің төрайымы:

– Бұл сымдардың бәрін алу керек. Балалар қазір барлық жерде жүреді. Балалар тоққа түсуі мүмкін. 

Ауданда жаңа көшелер салынған. Төртінші секторда бағаналар тұр. Бірақ көшелерде жарық жоқ. Есіл ауданы әкімі аппаратының бас инспекторы «электр қуатын жылдың соңына дейін қосып береміз», – деді.

Тағы бір өткір мәселе, елді мекен көшелерінің бойындағы кәріз құдықтары ашық жатыр. Көргендеріңіздей, іші толған су. Мұндай құдықтың бұл көшеде бес-алтауы бар. Екінші біреуін пеноплекспен жауып қойыпты. Бірақ, ойлаңызшы, қаншалықты қауіпсіз. Атап өтейік, бұл елді мекеннің шетіндегі емес, орталық көшелерінің бірі. Оқушылар анау тұрған мектепке осы жермен қатынайды. Яғни мына құдықтарға балалардың түсіп кетпесіне кім кепіл?!

Алла Қожатаева, Үркер тұрғын алабының тұрғыны:

– Мектептен келе жатқан балалардың біреуі ішіне түсіп те кеткен болатын. Одан соң ересек адам да құлады. Қанша үй жануары мертікті. Айтып жүргенімізге бір жылдан асты. Мектепке барар жолдың бойында ашық жатқан мұндай құдықтар жетерлік.

Құдықтар жабылады. Әкімдіктің бас инспекторы уәде берді. Бірақ қашан?

Сенейік. Жә. Тұрғын алабын аралап жүріп, мынадай жаяу жүргінші жолын көрдік. Шөп қаулап, басып кеткен. Аяқталмаған екен. Әкімдік өкілінің айтуынша, бұл мәселе де жыл соңына дейін оң шешімін таппақ. Сонымен қорытынды: көшелердегі жарық күзге қарай қосылады. Ашық жатқан құдықтардың барлығы бір аптаның ішінде жабылады. Мәселе біздің назарда.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ерзат Зайытхан

Хабар 24 телеарнасы