384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында Ресейге экспортталатын тауарлар көлемі ұлғайды

  • 131
  • UPD: 23:47, 13.07.2019

Қостанай облысы Қарабалық ауылының тауар өндірушілері экспорт көлемін арттыруда, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Халық көрші Ресейге ет, сүт өнімдерін, астық, шұжық және жартылай фабрикаттар тасымалдап табысқа кенеліп жүр.

Аталған тауарларға деген жоғары сұраныс жергілікті кәсіпорындардың жұмысын ширатуда. Мысалы, елді мекендегі тұшпара шығаратын цех енді комбинат ретінде ТМД елдерінің экспорттаушылар қатарынан орын алуды көздейді.       

Өнімге деген жоғары сұраныс осы тұшпара цехы өндірісін 40%-ке артуына септігін тигізген. Бір жылда мұнда 500 тоннадан астам ет өңделеді. Мұздатылған жартылай фабрикаттардың 20 түрі шығарылады. Нарық пен тұтынушыларды бағындырған жоғары сапаны ресейліктер де мойындайды. 

Геннадий Кригер, кәсіпкер:

– Біздің өнім табиғи. Ешқандай химиялық қоспалар пайдаланбаймыз. Тауарларымызды Екатеринбург қаласындағы зауытқа ұсынған едік. Олар бірден келісіп, мол тапсырыс жасады. Ресей нарығы бізге үлкен мүмкіндіктер береді.

Бір апта бұрын өндірісте тұшпара автоматы пайда болды. Бір ауысымда ол екі жарым тонна өнім шығарады. Қуаттылығы әлі де артады. Ол үшін қосымша цехтар салынып, жабдықтар сатып алынады.   

Геннадий Кригер, кәсіпкер:

– Өндірісті ауқымды жаңғырту жұмыстары күтіп тұр. Кемінде 3-4 есеге көтерілеміз деп болжап отырмыз. Жұмысшылар санын екі есе көбейтеміз. Әрине, ТМД елдерінің экспорттаушыларының қатарына кіру үшін бұл Ресей нарығына бейімделу қажет.

Былтыр біздің елден Челябі облысына құны 34 млн долларға тең ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталды. Бұл шекті меже емес. Екі ел арасындағы алыс-беріс әлі де қарқындайды. Оңтүстік Оралда Қазақстанның шағын кәсіпорындары мен фермерлері үшін сауда үйінің құрылысы  жоспарланған. Бұл – сатылымды арттыруға және федералдық желіге шығуға тиімді мүмкіндік.

Александр Раевский, Челябі облысы ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:

– Шағын кәсіпорынға желіге кіру өте қиын. Ал сауда үйі бірқатар кедергіні жоюға ықпал етеді. Фермерлер еш кедергісіз сол жерлерге шоғырланатын болады. Сонда өнімді алға жылжыту ісі жаңа сипат алады.

Сауда үйі жоспар ғана. Әзірше Челябіде осындай шағын дүкендер жұмыс істеп тұр. Онда тек қазақстандық өнім саудаланады.

Зоя Соколова, дүкен иесі:

– Қазақстаннан келетін тауарлар өте сапалы. Тұтынушылар тарапынан сұраныс көп. Бағасы қолжетімді.

Сүт, шұжық өнімдері, жартылай фабрикаттар мен тәттілер сұранысқа ие. Ет те қалыспайды. Соңғы айда тек Қарабалық кентінің фермерлері экспортқа мыңнан астам мал басын жіберген.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы