384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетауда құрақ көрпе тігушілер әлемдік рекорд орнатты

  • 208
  • UPD: 23:46, 13.07.2019

Көкшетау тұрғындары қаланың 195 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы күні шаһарда 200-ге тарта тұрғын баспаналы болды. Сондай-ақ құрақ көрпе фестивалі ұйымдастырылып, екі жаңа әлемдік рекорд орнады. 

1824 жылы ірге тасы қаланған Көкшетауда қазір 150 мыңнан астам адам тұрып жатыр. Мерекені атап өтіп жатқан олар бүгін ерекше рекорд орнатты. Құрақ көрпе тігуге қатысқан 5000 тұрғын ұзындығы бірнеше шақырым болатын қазақи көрпе тігіп шығарды.

Күнсұлу Нұрғалиева, қала тұрғыны:

– Құрақ көрпе фестиваліне белсене қатыстық. Кажетті көрпелерімізді өз қолымызбен тігіп қатысып отырмыз. Мен барлық көкшетаулықтарды 195 жылдықпен шын жүректен құттықтаймын.

Бүгін Көкше халқы құрақ көрпе жасаудан екі әлемдік рекорд орнатты. Оның бірі ретінде ұлттық нақыштағы диаметрі 33 метр болатын дөңгелек көрпе болса, екіншісі – ұзындығы 11 шақырымға жететін құрақ көрпе. Бұл жайтты халықаралық рекордтарды тіркеу агенттігінің мамандары қадағалап отырды.  

Сондай-ақ жергілікті тауар өндірушілер де өз жетістіктерімен бөлісті. 5 жыл бұрын іске қосылған құс фабрикасы заманауи жабдықталып, өнім көлемін өсірген. Қазір өндіріс орны Қазақстанның ең үздік тауары байқауына қатысып жатыр.  

Максим Божко, кәсіпкер:

– Біз биылдан бастап жылына 20 мың тонна тауық етін шығарамыз. Біз тек ет шығарып қана қоймай, шұжық өнімдерін де өндіреміз.

Қала күні мерекесінде әлеуметтік аз қамтылған азаматтар да назардан тыс қалған жоқ. Облыс басшылары көп балалы отбасыларға және мүгедектер мен жетімдерге арнап 200-ге тарта пәтер кілтін табыстады.

Гауһар Шаймерденова, қала тұрғыны:

– Міне, 12 жылдан кейін үйдің кілтін алып отырмын. Көптен-көп рақмет. Бүгін Көкшетаудың 195 жылдығына әкіміміз үй беріп отыр. 3 пәтерлі үй алдым. Өзім көп балалы отбасымын. 5 балам бар. Айту мүмкін емес.

Мерекеге орай бірқатар тұрғынға «Қаланың құрметті азаматы» куәліктері де табысталды. Сондай-ақ «Алтын» және «Күміс» алқа иегерлері де құрметке бөленді. Ал жыл басынан бері Көкшетаудың 195 жылдығына орай 300 іс-шара өткен екен.

Авторлары: Азамат Казжанов, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы