387,09 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Талантты ұлдың тағдыры қыл үстінде тұр

  • 714
  • UPD: 23:46, 13.07.2019

Екі жыл бұрын ауыр науқасқа шалдыққан алматылық Данияр Ибраевқа көпшіліктің көмегі қажет, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Өйткені қатерлі дерттен емделу үшін оған шет елге баруға тура келіп тұр. Талантты ұлдың тағдырына алаңдаған мейірімді жандар  бүгін Алматы қаласында қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. 

Талантты суретші, болашақ дизайнер Данияр Ибраевтың өмір үшін күресіп жүргеніне екі жыл болды. Дәрігерлер Даниярға МELAS синдромы деген диагноз қойып отыр. Мамандардың пікірінше, бұл тұқым қуалайтын өте қатерлі дерттің бірі екен. Сирек кездесетін бұл науқастың елімізде емі де жоқ көрінеді.  

Данияр Ибраев:

– Дәл осылай боларын кім білген. Менің болашаққа деген жоспарым бір-ақ күнде өзгерді. МELAS деген диагнозды естігенде, оның қандай дерт екенін әлеуметтік желіден ақтарып білдім. Өкініштен өзегім өрт боп жанды. Амал жоқ, оған да көндік.

Өзіне өлім тілесе де, бауыр еті баласына өмір тілейтін анасы байғұстың күндіз күлкісі, түнде ұйқысы қашты. Даниярды апармаған жері жоқ. Бірақ бұл құрғыр дертті тек шетелдік медицина ғана емдейді екен. Ол үшін неміс мамандары 65 мың еуро қажет депті. Мұндай қыруар қаражатты кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. «Франциядан әкелінетін бір апталық дәрілерінің өзін несиеге алып отырмыз», – дейді Даниярдың анасы.

Адина Жаналиева, Даниярдың анасы:

– Бұл ауруға шалдыққандар ұзаса 7 жыл ғана өмір сүреді екен. «Анашым, не үшін босқа әуре болып жүрсіз?» дейді. Мен оған айтам: «балам, бәрі сен үшін ғой, сенің өмірің үшін күресіп жүрмін! Мен ғана емес, өзің де өмірің үшін күрес, ешқашан еңсеңді түсірме, бұйыртса, бәрі жақсы болады» деп барынша жігерлендіруге тырысамын.  

Ана жүрегінен шыққан асыл сөздер Даниярдың да жігерін жанып, намысын қамшылай түсті. Қазір ол психологтармен жұмыс жасап, өз өмірі үшін күресіп жүр. Бүгінгі өткен қайырымдылық шарасына анасымен арнайы барып, спортшыларға жанкүйер болды. 

Эльмира Эзиями, қайырымдылық шарасын ұйымдастырушы:

– Ауыр халге душар болғандарға көмек көрсеткіміз келеді. Әсіресе балалар үшін барынша тырысамыз. Осындай қайырымдылық шараларын өткізіп, қолдау білдіреміз. Бүгінгі жарыстан түскен қаржының бір бөлігін Даниярға аударамыз.  

Теңіз тамшысындай болса да бұл да көмек. «Қайырымды жандар қарайласып жатса, әлі-ақ құлан таза айығып кетемін» деген Даниярда үлкен үміт бар.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Александра Салмина, Эдуард Кон, Қанат Қаматаев

Хабар 24 телеарнасы