383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында АӘК тұрғындардың кәсіп ашуына қолдау боп отыр

  • 112
  • UPD: 12:50, 14.07.2019

Түркістан облысының тұрғындары жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің арқасында өз ісін ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аз қамтылған отбасылардың бірі бұл қаржыға мал сатып алса, екіншісі егіншілікпен айналысуда, ал үшіншісі дүкен ашып, саудасын жүргізіп отыр.

Бұрын оларда мұндай мүмкіндік болмады. Жаңадан кәсібін ашып, тіршілігін жасап жатқан азаматтармен біздің тілшіміз де тілдесіп қайтты.

Ақмарал Таңқышева гүлдерді өз перзентіндей мәпелейді. Сондықтан да оның гүлдері жайқалып өседі. Сатып алушылар да сол үшін мұнда жиі бас сұғады. Көбі Ақмаралды гүл маманы деп ойлайды. Бірақ оның бұрынғы дәрігер екенін ешкім біле бермейді. Көп балалы ана көп ойланбастан жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізіп, өз кәсібін ашқан.

Ақмарал Таңқышева, кәсіпкер:

- Барып құжаттарымды өткіздім, маған 1 млн 300 мың теңге берді. Сол ақшаға мына дүкенді ашып, ос ыбизнесті бастадым. Бұрыннан өзім гүлді жақсы көретіндіктен басқа нәрсе емес, осы бөлме гүлдерін ашуды ұйғардым.

Ақмаралдың жұмысы қанша қиын болғанымен, оның көңілі тыныш. Себебі, кішкентай болса да жанға жайлылық, жүрекке жылылық сыйлайтын гүлден жасалған өз әлемі бар. Оның бүкіл бизнесі осы бір ғана бөлмеде болса да, Леңгір қаласы бойынша бөлме гүлдерін сататын жалғыз дүкен.

Айнұр Ергешова, Леңгір қаласының тұрғыны:

- Өзі қай гүл жақсы екенін бәрін айтады. Соларды аламыз. Үйде гүліміздің бәрі күшті. Қалай өсіру керек екенін айтып, көмектеседі. Осы кісінің арқасында үйіміз әдемі болып, гүлденіп тұр.

Мамандардың айтуынша, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек өзін ақтайды. Алайда масылдыққа бой алдырмас үшін қадағалау қажет. Жұмыспен қамту орталығына келген азаматтардың дені кіріс көзін ашық айта бермейді. Дегенмен, «құпия» тексеріс барысында әшкере болып жатады. Мұндай жандарға атаулы әлеуметтік көмек берілмейді.

Дулат Шәріпов, Төлеби аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

- Мемлекеттің берген ақшасы қайтарымсыз. Бірақ өзінің шарттары бар. Мақсатты жұмсау керек. Ақшаны аларда әлеуметтік келісімшартқа қол қояды. Ол жерде мамандармен түсіндіріледі. Ол ақшаны өзі қалаған, қолынан келетін кәсіпті ашуға жұмсау керек. Біреу - дәнекерлеуші, біреу - гүл сатады, біреу мал шаруашылығына. Өзіне ыңғайлы отбасымен бірге жасай алатын іске жұмсағаны тиіс. Біздің мамандар ай сайын үйіне барып, қадағалап отырады.

Көптеген кәсіпкерлер жақын арада жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр. Кәсіптері кеңейген сайын көмекші керек болады. Мемлекеттен қаржы алған азаматардың дені мал, бақша шаруашылығын дамытуға және дүкен мен шаштараз ашып, отбасылық кәсіпті дөңгелетуге ден қойған.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Катерина Попкова, Самат Нағашыбекұлы, Нұрмахан Мусатов

Хабар 24 телеарнасы