389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейдің жедел жәрдем ауруханасында еліміздегі тұңғыш гибридті операция залы ашылды

  • 368
  • UPD: 21:38, 14.07.2019

Семейдегі жедел жәрдем ауруханасында елімізде алғашқы болып гибридті операция залы ашылды.

Озық технологиялар мен білікті дәрігерлер мұнда жылына 3 мыңға жуық күрделі операция өткізуді жоспарлап отыр. Алғашқы операцияны Нұр-сұлтан қаласынан арнайы келген тәжірибелі нейрохирург, академик Серік Ақшолақовтың өзі жасады. 4 сағатқа созылған жұмыс нәтижелі аяқталып, науқастың миындағы ісік алынып тасталды.

Соңғы жылдары Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың бастамасымен денсаулық саласын әлемдік талаптарға сай дамытудың кешенді бағдарламасы жүзеге асып жатқанын атап өту керек.

Гибридтік операция дамыған елдерде кеңінен қолданылады. Жоғарғы технологиялардың көмегімен жүзеге асатын сапалы медициналық қызметтің адам өмірін сақтап қалудағы маңызы зор. Яғни бір мезетте бірнеше ағзаға операция жасалады.

Серік Ақшолақов, «Нейрохирургия ұлттық ғылыми орталығы» АҚ Басқарма төрағасы:

- Бұл бұрын да 2 рет операция жасалған науқас. Оның миының ішінде ісік. Ісіктегі үлкен қантамырлар болды. Соны біріншіден, эндоваскулярлық операция қан-тамырлар ішіне кіріп, ісікке баратын тамырлардың барлығын жауып тастау. Екіншісі, тікелей ісікке барып операция жасау. Оның барлығы бір жерде, бір операционныйда, бір наркозбен жасалды.

Осыдан 2 жыл бұрын қолға алынған жобаны жүзеге асыруға қазынадан 2 миллиард 300 миллион теңге жұмсалған. Оған заманауи құрал-жабдықтар алынып, мамандар оқытылды.

Ілияс Мұхамеджан, ШҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Нейрохирургия орталығында былтыр біздің 10 маман оқып келді. Биыл да міне, айтылғандай 4 айға Англияға Кингс колледж орталығына біздің нейрохирургтер барып, өздерінің білімін жетілдіріп келеді. Бұл іс-шараның барлығы біздің облыстың 3 деңгейлі дәрігерлерді дайындау программасы арқасында жүзеге асырылып жатыр.

Озық технологиямен жасалатын  операциялар өз еліміздің тұрғындары үшін тегін. Ал болашақта көршілес мемлекет халқына ақылы қызмет көрсетуге де дайын. Яғни аймақта медициналық туризм дамымақ.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы