386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жануарларды қорғау ұйымы: Елордадағы зообақтар аңдарды қорлап отыр

  • 230
  • UPD: 15:17, 15.07.2019

Әсіресе оларды торда ұстау тәртіптері өрескел бұзылған, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Хайуандардың қозғалысына, демалысына және қорегіне қатысты шектеулер өте көп. Жануарларды қорғаумен айналысатын қоғамдық бірлестік өкілдері осылай дабыл қағады. Тіпті қаладағы бірқатар зообаққа қатысты әкімшілікке арыз да жазып үлгерген. Ал зообақтарға жауапты мамандар болса жағдайдың бақылауда екенін алға тартады.

Еліміздегі зообақтардың басынан дау арылмай қойды. Әсіресе Алматыдағы хайуанаттар бағында жыл сайын бірнеше аң-құс арам қатып, ақпарат құралдарында «аңдар мәйітханасы» атанып кетіп еді. Одан кейін дәл осыған ұқсас жағдай Шымкент пен Қарғандыда қайталанды. Ал енді елордадағы жауарларды қорғаушылар да аңдарға аяушылық танытып, шұғыл шара қолдануды талап етіп отыр.

Айта кету керек, мұнда мемлекеттік деңгейдегі зообақтар жоқ. Көбіне шағын жеке не маусымдық жылжымалы бақтар ғана. Бірақ олардың өзінде жануарларды күтіп-бағуға қатысты сұрақтың өте көп екенін алға тартады.

Лилия Сәрсенова, жануарларды қорғау қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:

– Елордадағы зообақтарға қатысты арыз-шағымдар бізге жиі келіп түседі. Әсіресе мынадай аптап ыстықта жануарлар күннің астында жатуға мәжбүр. Олардың жағдайы ешкімді алаңдатпайтын сияқты. Тордағы ауа айналымы реттелмеген. Жалпы, аң-құстарды ұстауға қатысты талаптар толық орындалып жатыр деп айта алмаймын.  

Лилия Сәрсенова бастаған жануарларды қорғаушылар қаладағы 2 зообаққа қатысты арыз да жазып үлгерген. Енді оны жуырда әкімшілікке қарасты басқарма мамандары жан-жақты саралап, нақты шешімін шығаруы керек. Егер жануарларды ұстауға байланысты тәртіптің бұзылғандығы анықталса, зообақ басшыларына үлкен көлемде айыппұл төлеуге тура келеді. Бірақ олар осынша даурығуға негіз жоқтығын алға тартады.

Марат Мусалям, жылжымалы зообақ қызметкері:

– Біз үлкен зообақтармен жұмыс жасаймыз. Яғни осындай жазғы маусымдарда арнайы орын ұйымдастырып, аң-құстарды жұрт назарына ұсынамыз. Мысалы, дәл қазір біз Новосібір хайуанаттар бағымен тығыз қарым-қатынастамыз және аңдарды күтіп-бағуға қатысты ешқандай мәселе жоқ. Олар мекен ететін торлар өте кең және қосымша демалатын жерлері де бар. Орындарын тазалағанда сол жерге кіргіземіз. Өздерін де жиі жуындырып тұрамыз. Әсіресе қазіргідей аптап ыстықта оларға көп ылғал керек. Жазғы маусым аяқталар тұста жануарларды қайта зообақтарына жеткіземіз.

Сала мамандарының айтуынша, темір торға қамалған жануарлар өздерін барынша еркін сезініп, жақсы тамақтанып, өзара көбейіп тұруы керек. Ол үшін жабайы табиғатқа жақын жағдайдың жасалғаны абзал. Бірақ қалтаның қамын ғана ойлайтын қожайындар оны ескере бермейді. Бұл тек елордада ғана емес, барлық аймақта кездесетін жағдай. Бірақ соңғы кезде бақылау тетіктері күшейіп, зообақтардың әлеуеті бірте-бірте жақсарып келеді.

Гүлсінай Жарылқасынова, қалалық ветеринария және өсімдіктерді қорғау бөлімінің қызметкері:

– Жануарлардың әрқайсысына тиісілі құжаты бар. Ол жерде мал дәрігерінің анықтамасы, арнайы екпелердің алғандығы және басқа да ақпараттар көрсетілген. Бұған қоса біз хайуандардың күтіміне қатысты да жағдайды қадағалаймыз. Ең бастысы, олардың мекен ететін жері таза болуы керек. Суы мен қорегіне қатысты да арнайы талап бар. Соның бәрі сақталуы тиіс.

Қалай болғанда да елордадағы зообаққа келушілердің қатары өте көп. Әсіресе балалар демалысқа шыққаннан кейін бұл жерде адам қарасы үзілмейді. Ал оның басы-қасында жүргендер сұраныстың артқанын көріп, хайуанаттар бағын жаңа аңдармен толықтыру үстінде. Бұндай жағдайда олардың қызметін шектеу не тоқтату мүмкін емесі анық. «Ең бастысы, аң-құстарға обал болмаса екен», – дейді жануарларды қорғаушылар.

Авторлары: Аслан Қаженов, Даная Исатай, Марат Дихамбаев

Хабар 24 телеарнасы