389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыдағы хайуанаттар бағы жаңаруда

  • 327
  • UPD: 15:16, 15.07.2019

Жылдар бойы жылжымай тұрған қоршаулар алынып, заманауи жабдықтармен ауыстырылуда, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Тұрағы тозған аңдарға жаңа қоршау салынып жатыр. Сонымен қатар зообақ өткен жылдан бері бірнеше жануармен толығыпты.

Алматы хайуанаттар бағы экзотикалық жануарлармен толығуда. Бір ай бұрын Чехиядан әкелінген жануардың терісі сүйекпен қапталған. Яғни жыртқыш аңдардың азуынан сақтайды. Құрлықтарды асып келген жануар Алматыға жерсіндірілген. Оған қоса өткен жылы Франция мен Чехиядан сыйға берілген лемурлар төлдеген. Маймыл тұқымдастар қазір хайуанаттар бағы келушілерінің қызығушылығын тудырған. Себебі үш айлық лемур қолға үйретілген.

Шолпан Әбдібекова, хайуанаттар бағының бөлім меңгерушісі:

– 1 сәуірде туған. Үш ай болды. Өзі өте ерке, бәрі еркелетеді. Келушілердің бәрі ұстағысы келеді, көргісі келеді. Бірақ бұл да әркімнің ұстағанын жақсы көрмейді, сырттан тамашалап қайтады.

Алматының символына айналған барыс та хайуанаттар бағынан орын табады. Құрылысы басталған қоршауда жоспар бойынша бір жұп барыс тоғытылмақ. Қасқыр, аю, мүйізтұмсық және ақбөкендердің тозығы жеткен қоршаулары да жаңартылуда. Ол үкіметтен 500 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Зообақ келушілері үшін де жүргінші жолдар жаңғыртылды.

Вячеслав Банщиков, хайуанаттар бағының директоры:
– Қазір зообақ аумағындағы төрт көлдің жаңа келбеті бойынша жоба жасалуда. Келесі жылы аққу, үйрек, фламинго сынды құстар көгалдандырылған шынайы көлге көшіріледі.

Бүгінде Алматы хайуанаттар бағында алты құрлықтан жиналған 375 түрлі жануар бар. Олардың жалпы саны 3447-ге жетті. Хайуанаттар бағындағы бірқатар жануардың қоршауы қыс маусымында да келушілерді қабылдауға жасақталады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы