389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандыда заманауи хайуанаттар саябағы салынады

  • 324
  • UPD: 15:16, 15.07.2019

Қарағандыдағы бір ғасырлық тарихы бар хайуанаттар саябағында еуростандартқа сай торлар салынбақ, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Қазынадан бөлінген қаражатқа бұл жерде 2000-ға жуық жануарды ұстауға болады. Жоспар бойынша жоба келесі жылы аяқталуы тиіс. Ал жануарлардың бүгінгі күйі қандай?

Қарағандылық хайауанттар саябағында қазір жануардың 204 түрі бар. Олар әзірге осыдан 80 жыл бұрын салынған тар торларда өмір сүріп жатыр. «Соңғы аптада ауа райының қатты ысуына байланысты жануарлардың жағдайына көңіл бөлініп отыр», – дейді саябақ мамандары. Олардың ішіндегі ең ірісі Юджин есімді су сиыр. Оның терісі қатты ыстықта кеуіп кетуі мүмкін. Сондықтан оған ең ірі бассейн бөлінген.

Ербол Байжанов, Қарағанды мемлекеттік хайуанаттар бағының қызметкері:

– Әрине, жануарларды сақтау үшін оларға жағдай жасау керек. Бізде екі бассейн бар, жұмасына екі рет ауыстырып тұрамыз. Суын тазартып. Өзі рахаттанып осындай ыстықта жатып демалады. Көңіл-күйі өте жақсы. Бұл адамдарға өте сезімтал. Өзін жақсы көретін адамдармен дыбыс шығарып сөйлеседі. Аузын келіп ашады, кісілер тамақтандырады. Мысалы, арақ ішіп, темекі тартатын адамдарға жақындамауға тырысады. Өзінің осындай мінезі бар.

Елена Морозова бұл хайуанаттар бағында 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Тәжірибесі мол маман әр жануардың денсаулығын, қылықтарын жақсы біледі. Жаздың ыстық күндерін тұяқтылар жақсы көтереді. Ал маймылдар болса көлеңкені ұнатады дейді ол.

Елена Морозова, Қарағанды мемлекеттік хайуанаттар бағының маманы:

– Барлығының алдында су мен тамақ бар. Ыстық күндері суды екі-үш рет береміз. Құстар мен маймылдар ыстық күнде тамақты көп жемейді, қалып қалады. Ал суды жақсы ішеді. Барлығының торында көлеңкелі жерлер қарастырылған.

Қазір Қарағанды хайуанаттар саябағы ерекше әрі сирек кездесетін дүние жүзі құрлықтарының жануарларын біріктірген үлкен орталық болып отыр. Қала тұрғындары мұнда жануарларды көріп, шаршағанымызды басуға келетіндерін айтады. Сондықтан зообақтың тағдырына көз жұма алмайтындықтарын айтады.

Анастасия Бахарева, қала тұрғыны:

– Әрине, мұндағы жануарларға жағдай жасалса екен дейміз. Торлардың пішіні мен келбеті бірдей болса, келушілерге тамашалауға да қолайлы болар еді. Бақтың ішінде отыратын орындықтар аз және жолдары да жөндеуді қажет етеді. Қаражаттың аз бөлінетіні көрініп тұр.

Былтыр бір ғасырлық тарихы бар хайуанаттар саябағын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып, қалалық бюджеттен қаражат бөлінген. Қазір негізі корпустың құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде жануарлар қыстайтын заманауи торлар да орнатылады. Нысан 2020 жылдың аяғына дейін тапсырылуы тиіс.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игликов

Хабар 24 телеарнасы