389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да мектептерді жөндеуге 5,5 млрд теңге қаржы бөлінді

  • 191
  • UPD: 15:15, 15.07.2019

Солтүстік Қазақстан облысында жаңа оқу жылына дайындық көруде, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Қазір өңірдегі мектептерде түрлі деңгейдегі жөндеу жұмыстары басталды. Аталған шаруаларға биыл жергілікті және республикалық бюджеттен 5,5 миллиард теңге шамасында қаржы бөлінді. Бұл жылдағыдан 12 есеге көп. Сондай-ақ бірінші қыркүйекте Петропавлда екі жаңа білім ошағы пайдалануға берілмек.

Бұл – Арықбалық орта мектебі. Өткен ғасырдың 70-жылдары пайдалануға берілген. Содан бері әрлеп-сырлаудың арқасында тұрған екен. Енді барлық есік-терезелері жаңасына алмастырылып жатыр. Ал ескі шынылардан жылыжай тұрғызылмақ.

Ақылбек Кәрімов, Арықбалық орта мектебінің директоры:

– Биыл біздің мектепке үкіметтен 49 миллион теңге бөлінген. Жұмыстар уақытымен өтіп жатыр. Үшінші маусымда басталған. Бүгін 70 процент жұмыстар бітті деп айтуға болады. Балалар емтихан тапсырды. Енді бүкіл назарды осында салып, жұмысты қадағалап отырмыз.

Қазір өңірде 142 білім беру мекемесінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның 130-ына қаржы «Солтүстік Қазақстан облысын кешенді дамыту» бағдарламасы аясында, яғни ел қазынасынан бөлінді. Бұл қаражат жылдағыдан 12 есеге көп. 

Гүлмира Кәрімова, облыстық білім басқармасының басшысы:

– Былтырғы жылдары бізде оқу жылының аяқталуымен 350-400 миллион теңге облыстық бюджеттен бөлінетін. Сондықтан ауқымды жұмыстар жүргізілмейтін. Ал биылғы жылы кешенді жоспардың құрамына кіргендіктен, үлкен жұмыс жасауға жол беріп отыр.

Облыстағы 500-ге жуық мектепте 70 мыңнан астам оқушы оқиды. Білім беру мекемелерінің жартысы қазіргі таңда жөндеуді талап етеді. «Сондықтан бұл мәселе кезең-кезеңімен шешімін табады, – дейді жауаптылар.  

Бүгінгі күні өңірде 485 білім ошағы бар. Оның 36-сы Петропавл қаласында орналасқан. Биыл көптеп жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржының арқасында осы облыс орталығындағы барлық мектептердің терезелері жаңасына алмастырылатын болады. 

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов, Вадим Пятков

Хабар 24 телеарнасы