389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақсу ферроқорытпа зауыты жаңа өндірістік пешті іске қосады

  • 340
  • UPD: 16:02, 15.07.2019

Заманауи құрылғының тиімділігі де сын көтерер дәрежеде, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Мәселен, металл балқытылғанда бөлінетін газ ауаға таралмайды және қайта өңдеуден өтеді. Ең бастысы, №6 балқыту пешін жаңарту арқылы кәсіпорын заманауи технологияға көшіп отыр.

Балқыту пешіндегі герметикалық құрылымдар ферроқорытпа зауыты үшін тың жаңалық. Бұрынғы пештермен салыстырғанда, жаңа технологияның ерекшелігі жер мен көктей. Өндірістен бөлінетін ферроқорытпа газдары шикізатты қыздыруға жұмсалады. Бұдан электр қуаты да айтарлықтай үнемделеді.

Василий Ващенко, Ақсу ферроқорытпа зауыты директорының орынбасары:

– Бұл  агрегат өнімділікті 28 мың тоннаға арттырады. Барлық цехтарды қайта жаңғыртсақ, жыл сайын алынатын өнімнің көлемі 328 мың тоннадан 440 мың тоннаға ұлғаяды.

Мамандардың есептеуінше, электр қуатының шығыны шамамен  20 процентке қысқарып, өнімнің өзіндік құны төмендейді. Яғни феррохром өндірісі бес процентке арзандайды. Жаңа технологияның экономикалық тиімділігі жоғары, экологиялық жағынан да ұтымды болып отыр.

Василий Ващенко, Ақсу ферроқорытпа зауыты директорының орынбасары:

– Ауаға таралатын түтіндік эмиссиялар азаяды. Проценттік көрсеткішпен алсақ, 100 процент тазарады. Пеш жабық. Сондықтан газдың 99,98 пайызы сыртқа тарамайды.   

Өндірістік желінің барлығы автоматты түрде басқарылады. Осылайша металлургтардың ауыр еңбегін электрондық жүйе алмастырған. 

Василий Ващенко, Ақсу ферроқорытпа зауыты директорының орынбасары:

– Мұндай пештердің Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде баламасы жоқ. Негізгі қуаттылығы – 80 мегаватт. Тағы бір ерекшелігі, көпқабатты жылытқыштармен қапталған. Осының арқасында шахталық материалдар қыздырылады.

Жаңа жобаны қолданысқа енгізу үшін Ақсу ферроқорытпа зауыты 27 миллиард теңге инвестиция құйған. Әзірге бұл  жаңартудың алғашқы кезегі. Келешекте тағы үш пешті жаңғыртудан өткізу жоспарланып отыр. 

Авторлары: Қ.Қасиетова, С. Оспанов, А.Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы