386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыс қаласы екі аптада қалпына келтіріледі

  • 266
  • UPD: 21:04, 15.07.2019

Түркістан облысындағы Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы шағын шаһарда 8 мыңнан астам үй болса, соның 1047-сі жөндеуден өткен. Бұл туралы қаладағы атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көрген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.

Гүлнәр Ибрагимованың отбасы жарылыстың ошағы саналған аумаққа жақын тұрады. Оқиға болған күні олар да балаларын алып қаладан шығып кеткен. Содан бес күннен соң үйіне оралса, баспанасының жарты бөлігі ғана қалыпты. Бірінші секторға тиесілі Гүлнәрдің үйін мамандар екі апта ішінде салып берген. Кезек көрші үйлерге жетіп, көшеде құрылыс қарқын алды.

Гүлнәр Ибрагимова, Арыс қаласының тұрғыны:

- Екі аптанының ішінде тамымызға кіргізді. Әйтпесе алдын далада жатқанбыз. Барлығы жақсы құрылыс материалдан қойылып жатыр. Есік-тереземіздің барлығы жақсы. Рахмет!

Жалпы Арысты қалпына келтіруге 6 мыңға жуық құрылысшы тартылған. Қазір 17 секторда 194 құрылыс компаниясы мен 245 техника жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар шаһардағы 62 әлеуметтік нысанды жөндеуге 1617 құрылысшы жұмылдырылды. Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, үйлердің мониторингі мен құрылыс барысын бақылау күн сайын жүргізіледі.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бірінші орынбасары:

- Арыс қаласы бойынша 8469 үй белгіленген. Оның ішінде 7 мыңнан астамына жөндеу жұмыстарын жүргізу керекпіз. Сол жұмыстардың 60%-ден астамы басталды деп айтуға болады. Күн сайын 150-200 үйдей бітіп жатыр. Оның саны қазір көбейе бастайды. Жаңадан 149 үйді толықтай салу керекпіз. Ол үйлердің де саны көбейіп жатыр. Өздеріңіз көріп отырсыздар, жекеменшік үйлер ескі үйлер саманнан жасалған.

Жөндеу жұмыстарының сапасына халықтың барлығы риза емес. Сондықтан да күн сайын жергілікті әкімдікке тұрғындардан 30-дан астам өтініш келіп түседі.

Мұрат Қадырбек, Арыс қаласының әкімі:

- Қадағалап отырмыз. Бастапқы кезде көбісінен біздің үйге тиісті адамдар келген жоқ, сосын ақау актілерімен келіспеймін деген арыздар болатын. Олардың барлығын қарап жатырмыз. Арыздар бойынша жеке-жеке шешімдер қабылданып жатыр бүгінгі күні.

Қазір қаладағы үйлердің 85% жөндеуді қажет етеді. Барлық бүлінген және бұзылған нысандар 1 тамызға дейін тапсырылуы тиіс.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы