386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандылық студенттердің жазғы сабақтарға қатыспайтыны əшкереленді

  • 193
  • UPD: 23:18, 15.07.2019

Қарағандылық студенттер жазғы семестрді демалысқа айналдырып алған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті жүргізген мониторинг барысында студенттердің жазғы сабақтарға қатыспайтыны əшкере болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті кейбір жоғарғы оқу орындарында сабақ өтетін кабинеттердің жабық тұрғаны анықталды.

Қарағанды қаласындағы ЖОО-да оқып жүрген 1021 студенттің басым бөлігі жазғы семестрге мүлдем қатыспаған. Осы жайтты анықтаған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшылығы бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп отыр. Сол себепті ЖОО басшыларының қатысуымен жиын өтті. Басқосуда «Парасаттылық мектебі» жобасын жүзеге асыру жолдары қарастырылды.

Мәлика Күсенбаева, «Сарыарқа - адалдық алаңы» жобасының басшысы:

- Жоғарғы оқу орындары «жазғы семестрге» деп ондаған миллион теңге жинайды. Ал оның игерілмеуі жариялылық пен бюджеттік саясатқа кереғар әрі жемқорлыққа жол ашады. Жалпы жазғы семестрдің дұрыс ұйымдастырылмауы да білім сапасын төмендетеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жастарды тәрбиелеу тақырыбында өткен кездесуде «Сарыарқа - адалдық алаңы» жобасының бүгінгі күнге дейінгі жүзеге асырылу барысы талқыға салынды. Мысалы тек Қарағанды қаласы бойынша ҚарМТУ-де 582, ҚЭУ-де 150 студент жазғы семестрде оқыған. Тексеріс кезінде кестеде тұрған оқу күнінде бірқатар аудиторияның есіктері жабулы тұрған, оның үстіне студенттердің де қарасы көрінбеген.

Денис Шакенов, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің басшысы:

- Мемлекет басшысы білім жүйесін қатаң бақылауда ұстап отыр. Оқытушылардың жалақысын көтеру мәселесі де қолға алынып жатыр. Қазір басты мақсат - жемқорлықты жою. Студенттер емтиханды сатып алу дегенді мүлдем білмеуі керек.

«Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен мемлекеттік органдар ғана емес, тұтас қоғам болып күресуіміз керек», - дейді жиында сөз алып, ой бөліскендер. Ал, жобалық кеңсенің басы-қасында жүргендер парасаттылық мектебі арқылы жаңа буынның қалыптасарына сенімді.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы