386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тараз қаласында мүмкіндігінің шектеулерін шекара деп білмейтін шебер әйел тұрады

  • 172
  • UPD: 09:25, 16.07.2019

Еңбек еткеннің еңсесі биік. Тараз қаласының тұрғыны Анар Бексұлтанова өзінің мүгедектігіне қарамастан биік белестерді бағындырып, бүгінде көпке үлгі болып жүр. Қолымен емес, аяғымен сурет салып, кір жуып, іс тігетін ол кәсіпкерлік қырын да дамытып, табысқа кенелуде.

Анар Бексұлтанова дүниеге екі қолсыз келген. Отбасындағы қамқорлық пен қайсарлығының арқасында көптеген қиындықтарды жеңе білді. 19 жасында жоғары білімді маман атанып, облыстық музейге эксурсовод болып еңбекке араласады. Негізгі жұмыстан бөлек жеке кәсіп ашуды армандаған Анар бес жыл бұрын «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына қатысып, 3 миллион теңге несие алады. Осылайша үйінің ішінен шағын цех ашып, тігіншілікке бет бұрады. Бүгінде іскер әйел бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр.

Шынар Сағынтайқызы, жұмысшы:

- Бастапқы кезде айлығым 25-30 мың болған. Ал қазір 85-90 мың аламын. Оданда жақсы жұмыс істесек көп аламын. Анар ашық. Алға қойған мақсатына жетеді. Осының барлығы қайсарлығының арқасы.Осындай баурымыз болғанына қуанамыз.

Кішкентай бөлмеде  көздің жауын алатын бұйымдар жасалады. Көбі ұлттық нақышта тігілетін  көрпе, жастықтар. Әсіресе қыздың жасауына тапсырыс көп түседі. Анардың  ісмерлікке деген қызығушылығын оятқан әжесі мен анасы екен.

Анар Бексұлтанова, кәсіпкер:

- Қазір мемлекет көптеген үлкен мүмкіншіліктер беріп отыр. Оған барсам ба бармасам ба деп отырған адамдар өте көп. Оны барып білу керек. Мен айтпаймын маған ешкім үйге әкеліп берген жоқ. Менің казіргі жеткен жетістіктерім бұл қаншама жылғы тәжірбиемнің жемісі.

Барлық кедергілерге төтеп берген Анардың өзі алдыңнан 10 есік жабылса, 11-шісі  ашылады дейді. Жігерлі жан  адам баласының қолынан келмейтін дүние  жоқ деген сеніммен өмір сүріп келеді.  Ол аяғымен қарапайым  жұмыстарды ғана емес  сурет салуды да үйренген. Өзінің білгенін екі қызына үйретуден жалыққан емес. Үлкен қызы - Әдемі анасы сияқты кәсіпкерлікті қаласа,  екінші қызы-Сұлуайым  кондитер болуды армандайды. 

Анар Бексұлтанова, кәсіпкер:

- Бұл өмір  мен үшін кұрес болды. Қанша қиыншылық пен қуаныштар болды. Бірақ соның арасындағы ең қуанышы осы екі қызымның дүиеге келуі. Бреуі оң қолым болса біреуі сол қолым. Бақыттымын.

Енді аз уақытта Анар үйінің ауласынан үлкен тігін цехын ашады. Құрылыс жұмыстары аяқталды. Тек ғимаратты жабдықтау қалыпты. Ал дайын бұйымдар  арнайы сауда орнында сатылатын болады. Анар Бексұлтанованың тағы бір арманы бар. Ол өзі сияқты ерекше тағдырлы адамдарды жұмыспен қамтып, қоғамнан өз орнын табуына қол ұшын беру. Алға ұмтылған адам ғана мұратқа жетеді дейді ол.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Анастасия Сулейманова, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатілла

Хабар 24 телеарнасы