386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздің ең үздік полицейлері анықталды

  • 211
  • UPD: 23:58, 16.07.2019
Еліміздің ең үздік полицейлері анықталды

Ішкі істер министрлігі қазақстандықтар арасында сауалнама жүргізген болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нәтижесінде Алматы облысы Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылындағы полиция бөлімшесі «Ауылдық жерлердегі ең үздік полиция пункті» атанса, ал Қуаныш Ерасылов «Үздік учаскелік полиция инспекторы» атағына ие болды.

Қуаныш Ерасыловтың үздік маман атанып, министрдің қолынан марапат алып келген беті осы. Ол Қаратал ауданы Кәлпе ауылының учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істейді. Қарапайым қызметкер мұндай жетістікке еселі еңбегі мен үздік көрсеткіштері нәтижесінде қол жеткізді. Мәселен, оның көмегімен жыл басынан бері 24 қылмыс ашылған. Білікті маман марапаттау рәсімінде мал ұрлығына қатысты өзекті мәселені көтерді. 

Қуаныш Ерасылов, Кәлпе ауылдық учаскелік полиция инспекторы:

– Mал ұрлығымен ұсталатын адамдар болады. Ол жауапкершілікке тартылған кезде бір-бірімен бітімгершілікке келіп татуласады. Татуласқанына байланысты іс тоқтатылады. Сол себепті министрге ұсыныс қойдым. Мал ұрлығына қатысты жауаптыларға заңды қатаңдатса деп.

Қуаныш Ерасыловтың осы салада жұмыс істегеніне 10 жылдан асыпты. Осы уақыт ішінде ол өзін тек жақсы жағынан көрсете білген. Жұмысына жауапкершілікпен қарайтын тәртіп сақшысы әріптестері арасында да сыйлы. 

Дәулет Смақов, облыстық ПД ЖПҚБ аға инспекторы:

– Полиция майорын 2009 жылдан бері білемін. Ол ішкі істер органдарына кіргеннен бастап өзін білімді де білікті маман ретінде көрсете білді. Мінезі салмақты, өзі сияқты қызметкерлер арасында әрқашан ерекшеленіп тұрады. Заңдық талаптарын бұзбайды. Өзіне бекітілген аумақтағы халықпен тығыз жұмыс жасайды.

Қарабұлақ ауылындағы бөлімше еліміздегі ең үздік учаскелік полиция пункті атанды. Мұнда қызметкерлер үшін бар жағдай жасалған. Үш бөлмеден тұратын жұмыс орны қажет техникамен қамтамассыз етілген. Мамандардың жүріп-тұруы үшін жаңа автокөлік те беріліп отыр. Мекемеге қызметкерлердің баспанасы жапсарлас етіп салынған.

Дәурен Кеңесов, аудандық №2 учаскелік полиция пунктінің инспекторы:

– Бұрын Талдықорған қаласынан келетінбіз. Қазір үй салып берді. Үйдің қасында тірек пунктім бар. Яғни 24 сағат жұмыс орнындамыз. Жаңа автокөлік берілді. Бүкіл жағдай жасалып отыр.

Ернар Ширбаев, Ескелді аудандық ПБ бастығы: 

– Ескелді ауданы бойынша осындай 9 полиция пункті ашылған. Бұл учаскелік пункттер халық ең тығыз, халық саны көп жерде ашылды. Ашылғаннан кейін бізде криминогендік жағдай жақсарды. Тағы айта кететін болсақ, учаскелік полицейлердің көмегімен 80-ге жуық қылмыс ашылды.

Алматы облысы бойынша 165 учаскелік полиция пункті ашылған. Алдағы уақытта оның санын 220-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы