386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Несиені кешіру – бір реттік шара

  • 423
  • UPD: 23:57, 16.07.2019

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жағдайы төмен отбасылардың несиесін кешіру туралы жарлығы қоғам тарапынан жақсы қолдау тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай көмек 500 мыңға жуық қазақстандыққа көрсетіледі деген болжам бар.

Дегенмен бұл – бір реттік қана акция. Оны кеше Үкімет отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бір еске салды. «Өйткені несиені кешіре беру, біріншіден, нарықтық экономика заңына қайшы, екіншіден, бюджетке ауыртпалық түсіреді», – дейді мамандар.

Мемлекеттің несиелік ауыртпалықты жеңілдету туралы шешімі ең әуелі көп балалы, асыраушысынан айырылған, мүгедек балалары бар отбасыларға арналған. Сондай-ақ 29 жасқа толмаған жетім балалар да осы жобаның игілігін көре алады. Олардың несиелері түгелімен немесе ішінара кешіріледі. Екі жағдайда да мемлекет есебінен өтелетін қарыздың көлемі – 300 мың теңге.

Вячеслав Додонов, экономист:

– Тағы бір шарты, жалпы берешегі 3 миллион теңгеден аспауы қажет. Демек қымбат бұйымдар, автомобиль сатып алу үшін ресімделген кредиттерді қамтымайды. Амалдың жоқтығынан алынған несиелерге қатысты. Яғни қоғамның әлжуаз топтарына ғана арналған бағдарлама.

Жағдайы төмен азаматтардың банк және микроқаржылық ұйым алдындағы қарызын өтеу үшін 105 миллиард теңге бөлінеді. Оның 17 миллиарды проблемалық несиелер қорының облигацияларын сатудан түсетін қаражат. Ал басым бөлігі республикалық бюджеттен алынады.  

Рахман Алшанов, экономика ғылымдарының докторы, профессор:

– Өкіметтің басқа салалары бар емес пе дамытатын? Жол салу керек, мектеп салу керек, аурухана салу керек дегендей. Туризмді дамытамыз деп отырмыз. Алдымызға қойған мақсаттар өте көп. Соған байланысты мұны осымен шегеру керек.

Банктерде және шағын қаржы ұйымдарында кепілсіз тұтыну қарыздары бар барлық азамат үшін есептелген айыппұлдар мен төлемақы кешіріледі. Бұл қаржы ұйымдарының есебінен жүргізіледі.

Рахман Алшанов, экономика ғылымдарының докторы, профессор:

– Банктің өздерінде де бар. Қазір банкте ақша аз емес. Ақша бар. Мәселе жауапты пайдалануда, мәселе тиімді пайдалануда. Соған байланысты олар да төмендетуі керек. Пайызын төмендететін болса, қайтару жеңіл болады.

Осы аптада несиесі кешіріледі деген азаматтардың мәліметтер базасы жасалып бітеді. Ал айдың соңына қарай екінші деңгейлі банктер, шағын қаржы ұйымдары және Проблемалық несиелер қорымен алдын ала келсімшарттар бекітіледі. Әлжуаз топтың несие жүктемесін азайту күзде басталады.  

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Радик Жакупов

Хабар 24 телеарнасы