386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордадағы жеңіл рельсті транспорт құрылысы сынға ұшырады

  • 302
  • UPD: 23:57, 16.07.2019

Елордадағы жеңіл рельсті көлік жобасы 2020 жылы аяқталады деп жоспарланған еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірнеше айдан бері оның құрылысы тоқтап, қаржыландыру көзі қайта қарастырыла бастаған болатын. 

Мемлекет басшысы осы қымбат жобаны сынға алып, тиісті тұлғаларға жағдайды қайта зерделеуге тапсырма берді. Кешеден бері LRT құрылысы қызу талқыланып жатыр. Сарапшы мамандардан бастап қала тұрғындарына дейін  жобаға қатысты өз пікірлерін білдіруде.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы жеңіл рельсті транспорт құрылысын сынға алып, Үкімет пен елорда әкімдігіне аталған мәселеге нүкте қоюды тапсырды. Жобаны ұсынған тиісті тұлғалар бақылаушы органдардың сұрақтарына жауап беруі керектігін ескертті. Сондай-ақ оны  іске асыру жөнінде Парламент депутаттары да өз пікірін білдіру қажеттігін айтты. Алдын ала жасалған болжам бойынша, жеңіл рельсті транспортпен қатынайтындардың саны қазірдің өзінде жеткіліксіз.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының президенті:

– Халық үшін ыңғайлы әрі үнемді көлік жүйесін салудың орнына аса қымбат жоба ұсынылды. Ол – жеңіл рельсті транспорт құрылысы. Сәулетшілер мен мамандардың пікірі ескерілген жоқ. Әкімдіктің мәліметіне сәйкес, жеңіл рельсті көлік жүйесімен бір тәулікте жүретін жолаушылардың саны 146 000 адам болады. Бұл – болжам. Алайда қазір дәл осы бағытта, яғни әуежайдан жаңа теміржол вокзалына дейін тек 2 000 адам ғана қатынайды. Мен сіздердің жолаушылар санын қалайша 70 есеге арттыратындарыңызды түсінбей отырмын.

Президент сынынан кейін сарапшылар әу баста-ақ LRT құрылысына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидатын қолдану керек еді деп пікір білдірді. Бұл қазына қаржысын үнемдеуге және оны тиімді жұмсауға жол ашар еді. 

Арман Тілеубаев, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласы бойынша кеңесші:

– Мұндай ірі жобаларды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік  тетіктері арқылы жүзеге асырған жөн. Осы кезде ғана құрылысқа қатысты барлық мәселе ескеріледі. Тараптар оның оның тиімділігін бірінші кезекте електен өткізіп шығар еді. Жобаны салдық делік. Ал оның қайтарымы қандай болмақ? Әрине, қалада қоғамдық көлік мәселесі шешуді қажет етеді. Дегенмен мұндай LRT құрылысымен емес. Басқа жолдарды қарастырған жөн. Ал салынған колонналарды осы жол қатынасына қатысты басқа мақсатқа пайдалану керек деп ойлаймын.

Қазір бұл мәселе әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Бизнес өкілі Айдын Рахымбаев Facebook-тегі парақшасында жобадан бас тартып, ал колонналарды басқа мақсатқа пайдалану қажеттігін айты. Ол LRT-ны іске қосқан жағдайда қанша шығын келетінінде есептеп берген. Тұрғындардың бірқатары оның орнына Еуропадағыдай жылдам жүретін жерүсті трамвайын салуды ұсынуда. Бұл жобаның жалпы құны – 1,8 млрд доллар.

Аяқталу мерзімі 2020 жылдың күзінде деп көзделген болатын. Ол Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы мен «Нұрлы жол» теміржол вокзалын байланыстыруы тиіс болған. LRT-ның құрылысына Қытай мемлекеттік даму банкінен 1,5 миллиард доллар қарыз алынды. Ал бас қаланың әкімдігіне бұл мәселе бойынша күні бойы хабарласқанымызбен, жауап беруге құлық танытпады.

Хабар 24 телеарнасы