386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шілденің шіліңгір ыстығында қалай қорғану керек

  • 219
  • UPD: 23:56, 16.07.2019

Қарағанды облысында күннің ысуына байланысты биыл дала өрті жиілеп кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр 1680 өрт оқиғасы тіркелсе, биыл үш мыңнан аса алқапты тілсіз жау жалмаған. Облыс бойынша қазірдің өзінде үш аудан Төтенше жағдайлар департаментінің бақылауында. Жаз басталысымен суға түсушілердің қарасы артатыны айқын. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары қазір күшейтілген тәртіппен жұмыс атқарып жатыр.

Шомылу маусымы ашылғалы бері аймақтың он азаматы қаза тапты. Оның біреуі бала. Жыл сайын су қоймаларының маңына 250-300-ге жуық қауіпсіздік белгісі орнатылады. Десек те суға келушілер жүргізілген ауқымды алдын алу шараларына көз тігіп, құлақ аспайды дегенді алға тартады ТЖД мамандары.

Мұрат Қатпанов, облыстық ТЖД басшысының м. а.:

– Мобильді қосымша арқылы да адамдарды жан-жақты хабарландыру бойынша жұмыстар жасап жатырмыз. Соған құлақ салсын, көз салсын деп. Адамдар өздері біліп тұрып ережелерді бұзуы нақты себеп деп есептеймін. Бүкіл оқиғалар арналмаған жерлерде болған. Адам жоқ жерде, алыс жерлерде орын алған.

Жамбыл облысында аптаның соңына дейін ыстық болады. Күннің ыстығынан жедел жәрдем шақыруларының саны 20%-ға артқан. Тек осы аптада ғана тұрғындардан 7 мыңға жуық қоңырау келіп түскен. Көбінесе гипертония, жүректің ишемиялық ауруымен ауыратын науқастардан қоңырау келіп түсуде. Сондықтан дәрігерлер тұрғындарды үйден шықпауға шақырады.

Жанар Қадырбаева, облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының аға дәрігері:

– Науқастың үйде болғаны жақсы. Учаскелік дәрігердің тағайындауын тұрақты қабылдау, ыстық түскенде сақ болу қажет. Күн сәулесінен сақтанатын бас киім кию керек. Көбірек су ішіңіз. Энергетикалық сусындарды, газдалған сусындарды қабылдамау. Әлсіздік, жүрек айнуы пайда болғанда денені сумен ылғалдандыру қажет.

Синоптиктер еліміздің оңтүстік аумағында ауа температурасының көтерілуін Ираннан Қазақстанның оңтүстігіне жылы ауа массасының келуімен байланыстырып отыр.

Айта кету керек, шомылу маусымы басталғаннан бері аймақта 10-нан астам адам суға кеткен. Құтқарушылар өлімге жол бермеу үшін күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Анна Ралдугина, кезекші синоптик:

– Жақын күндері облыстың оңтүстігінде 18 шілдеге дейін 35-40 градусқа дейін ыстық болады, тіпті 42-ге дейін көтеріледі. 18-де 32-37 градусқа дейін ауа температурасының аздап төмендеуі байқалады. Бұл салқын солтүстік-батыстан келеді.

Ал Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары жаз мезгілін қуана қарсы алды. Өңірде маусым айы көбіне жаңбырлы болса, шіліңгір шілде ыстығы енді қаһарына мінді. Өңірде осымен 5-күн қатарынан сынап бағанасы 30 градустан төмендемей тұр. Тұрғындардың басым бөлігі жағажайларда тынықса, балалар шаһардағы субұрқақ маңында қызыққа кенелуде.

Сайран Әлжанов, қала тұрғыны:

– Ыстыққа қуанып жатырмыз. Өйткені көптен жылу көрмедік. Мен рахаттанып жылынып жатырмын. Енді көп ыстық керек емес. 

Өркен Жәнібеков, қала тұрғыны:

– Солтүстікте енді ыстықты көріп тұрғаным осы. Жаз кеш келсе де қуаныштымыз. Қызылордада мұндай ыстықты көргенмін. Маған ондай қиындық тудырып жатқан жоқ.

Сағындық Салмұрзин, қала тұрғыны:

– Солтүстік Қазақстанның жазы қысқа болса да, күннің көзі шығып, кейбір кезде бір-екі жұмадай ыстық болады. Бас киім киіп, судың басына барып шомылып қорғанамыз.

Төтенше жағдай қызметкерлері, бүгінгі ақпаратқа сәйкес, 18 шілдеге дейін күннің ысуы 40 градус болатынын хабарлап отыр. Сондықтан тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игликов

Хабар 24 телеарнасы