386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыс тұрғындарына атаулы әлеуметтік көмек беру жалғасуда

  • 301
  • UPD: 23:54, 16.07.2019

Арыс қаласында болған жарылыстан зардап шеккендерге атаулы әлеуметтік көмек беру жұмыстары жалғасын табуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазіргі таңда қаладағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі соңғы екі аптада көп балалы аналар мен аз қамтылған отбасы тұрғындарынан 300-ден аса қажетті өтінім қағаздарын қабылдаған.

Ал сәуір айынан бастап маусымға дейін тиісті құжаттарын өткізгендер атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізіп, алды кәсіп ашқан.

Айнұр Сындарқұлова – үш баланың анасы. Атаулы әлеуметтік көмекті алғанға дейін үйінде бүлдіршіндеріне қарап жұмыссыз отырған. Кедейшілік шегінен шығу үшін тиісті құжат өткізіп, алғашқы қаржылай қолдауға ие болыпты. Алған ақшасына бірден іс бастаған. Қолөнер шеберлігін кәсіпкерлікке ұштастырған ол қазір Арыстың орталығынан жалға ғимарат алып, сыйлыққа қажетті заттарды дайындайды.

Айнұр Сындарқұлова, Арыс қаласының тұрғыны:

– Қазір шаруаларым жақсы жүріп жатыр. Бірақ Арыс жарылған соң қазір тоқтап қалды. Құдай қаласа, бір аптадан соң ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Алда осыны үлкен қылып ашсам, дамытсам деймін. Мұны көп адам істей бермейді. Шыдам керек бұған.

Арыста атаулы әлеуметтік көмек сәуір айынан бастап 1666 отбасыға тағайындалыпты. Мәселен, 1331 отбасы тоқсанына бір рет шартты ақшалай көмек алса, бұдан бөлек 335-і  шартсыз түрде алты ай бойы қаражатты алып отырады. Жалпы, оларға 1 сәуірден 425 миллион теңге төленген. 

Күләш Ділдәбекова, Арыс қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:

– Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың сәуір, мамыр, маусым айларында төленген қаржыларға әлеуметтік келісімшарттар толтырылып, ол отбасылар мал алғандығы және кәсіпкерлік ашқандығы жөнінде құжаттарын өткізіп, өздерінің әлеуметтік келісімшарттарын орындағандығы туралы мәлімдеп қойды.

Сондай-ақ жарылыс салдарынан тұрғындардың біразы құжаттарын жоғалтып алған. Дегенмен мұндай азаматтар назардан тыс қалып жатқан жоқ. Арыстықтар бұл тұрғыда Халыққа қызмет көрсету орталығына барып көмекке жүгінсе, бәрі де тегін және қайта рәсімделетін болады.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы