386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан-Ресей шекарасында жүк көліктерінің кептелісі қалыптасты

  • 241
  • UPD: 23:53, 16.07.2019

Ертіс өңіріндегі Қазақстан-Ресей шекарасында бірнеше шақырымдық көлік кептілісі қалыптасты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бекетте кезек күтіп тұрғындардың басым бөлігі – шалғайдан көрші елге өнім тасымалдаушылар. Көлік жүргізушілері өз кезегін тәулік бойы күтуге мәжбүр.

Қазіргі уақытта Успен ауданының «Қосақ-авто» шекара бекетінде 100-ден астам машина тұр. Азаматтар мыңдаған шақырымдық жерден әкелінген жеміс-жидек бұзылып кете ме деп алаңдаулы.

Биыл көлігіне 20 тонна қауын тиеп, Ресейдің Новосібір өңіріне жеткізуді жоспарлапты. Осы шекара бекетіне жету үшін 2500 шақырымдық жолды еңсерген.

Бахтияр Сұлтанов, көлік жүргізуші:

– Шыққанымызға төрт тәулік болды. Мына жерде бір жарым тәулік бойы тұрмыз. Құжаттары бар. Бұны апару керек, жеткізу керек. Қоймай жатыр, қай жерін қоймай жатыр, оны білмеймін. Қазақстан ба, Ресей ме? Бұны жеткізу керек, сату керек, бейнет қой.

Қазақстан-Ресей шекарасындағы «Қосақ-авто» бекетіндегі жүк көліктерінің саны ондап емес, жүздеп саналады. Ал ұзын-сонар кезек бірнеше шақырымға созылып кеткен. Сала мамандарының айтуынша, жеміс-жидек пен көкөністің піскен шағында бұл – үйреншікті құбылыс. Себебі, қазіргі уақытта еліміздің оңтүстік өңірлері, Қырғызстан және Өзбекстанның кәсіпкерлері өнімдерін Ресейге тасымалдап, сатуға асық.

Жүк көліктерінің кептелісі демалыс күндерінен бері пайда болған. Қазіргі уақытта 130-дан астам машина тоқтап тұр. Мамандардың айтуынша, тасымалдаушыларды дәл осы бекет арқылы өтуге ниет білдіруінің өз себептері бар. Ресейге жеткізетін жол сапалы әрі қысқа. Мәселен, өзге шекара бекетімен салыстырғанда 450 шақырымды үнемдеуге мүмкіндік бар.

Әлішер Жүнісәлиев, ҚР ҰҚК шекара қызметі 2033 әскери бөлімінің командирі:

Шекара қызметі күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Көліктерді талапқа сай тексеріп, жылдам өткізуге тырысудамыз. Мәселен, бір жүк көлігін нормативтік құжаттарға сай 25 минут ішінде өткізуіміз керек. Ресейлік әріптестерімізбен байланыс орнаттық. Түсіністік бар.

Шекарашылар дамыл таппай жатқанда, жақын маңдағы азаматтар жүргізушілерге көмек қолын созған.

Гүлден Шоқанова, Лозов ауылдық округінің әкімі:

– Жақын маңда қоғамдық тамақтану орны бар. Бекет басында медициналық қызмет те бар. Жүргізушілер аптап ыстықта сумен қамтылды. Қажет болса, дәрі-дәрмек жеткізіп береміз.

Шекаралық бекеттен өтетін темір тұлпарлардың саны мыңнан асып жығылады. Олардың басым бөлігі – жүк көліктері. Мамандардың айтуынша, осы тектес жағдай жыл сайын жаз мезгілінде туындайды. Яғни маусымдық сипатқа ие мәселе. «Сондықтан жүргізушілер шыдамдылық танытқаны абзал», – дейді мамандар.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Самат Оспанов

Хабар 24 телеарнасы