386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында жемқорлық көрсеткіші 11,5 пайызға төмендеген

  • 191
  • UPD: 23:52, 16.07.2019

Қарағанды облысында сыбайлас жемқорлықпен күрес белсенді жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде атқарылған арнайы шаралардың нәтижесінде жемқорлық көрсеткіші 11,5 пайызға төмендеген. 2019 жылы аймакта «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасы іске қосылған болатын.

Соның аясында қала мен аудандарда фронт-кеңселері мен Open Space принципімен жұмыс жасайтын кабинеттер және «Адалдық дүкендері» ашылған. 

Жезқазғанға іссапармен барған облыс басшысы Ерлан Қошанов қала басшысына бұл бастаманы өз бақылауында ұстауды тапсырды. Бастаманың негізгі мақсаты мемлекеттік қызмет түрлерінің сапасын арттыру болып табылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес барысында мемлекеттік қызметтерді электрондық жүйеге көшіру маңызды рөл атқарады. Аталмыш бағытта республика бойынша барлық жағдайлар жасалуда. Бүгінде Жезқазған өңірі де тың бастаманы орындауда. Соңғы жарты жыл ішінде 30 мыңнан астам мемлекеттік қызмет түрі көрсетіліп, оның 82%-ы электронды түрде жүзеге асқан.  

Ерлан Қошанов, облыс әкімі:

– Мемлекет тарапынан қазір сыбайлас жемқорлыққа қарсы үлкен күрес жүргізіліп жатыр, қоғамның сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілік таныттыру, азаматтардың мемлекет тарапына сенімін арттыру барлық мемлекеттік органдардың алдына қойылған жауапты міндет. «Сарыарқа – адалдық алаңы» деген жобаға Шпекбаев мырзамен қол қойғанбыз. Соны іске асыру үшін жұмыстар жасалынып жатыр.

Жезқазған қаласының әкімшілігінде орналасқан жаңа фрон-кеңсе заманауи жабдықталған. Тұрғындарды қала әкімі, жер қатыснастары бөлімінің қызметкерлері мен білім, әлеуметтік қорғау саласының мамандары қабылдайды. Кеңсеге келушілер әртүрлі саладағы мамандардың кеңесін алып, құжаттарын тапсыра алады. Сонымен қатар мұнда баланы мектеп пен балабақша кезегіне қою қарастырылған. 

Денис Шакенов, облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің басшысы:

– Сыбайлас жемқорлықпен күресті әр мемлекеттік органның басшысы жүргізуі керек. Мамандар арасында түсіндірме жұмыстарын жиі өткізу міндет. ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы қолдана отырып, оған жол бермеу үшін алдын ала шаралар ұйымдастыру қажет. Бұл біздің ортақ жұмысымыз.

Жақын арада заманауи фронт-кеңсесін Қарағанды қаласында ашу көзделіп отыр. Жалпы, аймақтың мемлекеттік органдарында 8 кабинет ашылып үлгерді. Сонымен қатар  «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасы аясында 18 колледж бен 30 мектеп және 7 балабақша директорлары ғимараттың бірінші қабатында орналасқан кабинеттерге көшірілді. Босатылған кабинеттер оқушылардың демалу орындарына айналмақ.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игликов

Хабар 24 телеарнасы