385,96 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандықтар Босфор бұғазын жүзіп өтпек

  • 192
  • UPD: 11:32, 18.07.2019

Елуден астам қазақстандық Босфор бұғазын жүзіп өтуге бел буып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Солардың бірі – алматылық Әлия Жолдасбаева. Жарты жыл бұрын ол осындай шешімге келген. Қазір Әлия соңғы дайындықтарын пысықтауда.

Осы аптаның соңында әлемнің түпкір-түпкірінен келген мыңдаған адам Түркияға жиналады. Босфорды жүзіп өтуді мақсат еткен Әлия Жолдасбаева 28 жылдан соң бассейнге қайта оралыпты. Ені 6,5 шақырымдық бұғазды тыңғылықты дайындықсыз еңсеру мүмкін емес.

Әлия Жолдасбаева, Босфор бұғазын жүзіп өтушілердің бірі:

– Біз аптасына екі рет бапкермен, бір рет бапкерсіз дайындаламыз. Бір жаттығудың өзінде шамамен 3 шақырым жүземіз. Біздің өмірімізде есте қаларлықтай, ата-анамыз, балаларымыз мақтан ететіндей сәттер ғой. Менің пікірімше, біз өзімізге осындай мақсат қойып, биік белестерді бағындыруымыз керек.

Ыждахатты жаттығулар нәтижесін бере бастады. Жуырда ғана Қапшағайда өткен ашық судағы жарыста Әлия күміс медальді иеленді. Бұл оның бұғазды бағындырсам деген тілегіне қанат бітірді. Бұдан өзге Әлия әйгілі Oceanman жарыстарына қатысуды армандайды. Ол әртүрлі елдерде, 30 шақырымға дейінгі қашықтықта өтеді. Жарыста кәсіпқойлармен қатар әуесқойлар да өз бағын сынайды.

Дмитрий Токарев, жүзу мектебінің жетекшісі:

– Әуесқойларға арналғандықтан, әуелі адамдар жүзуден ләззат алса екен деймін. Ал егер Босфорға екінші немесе үшінші рет бара жатсаңыз, онда уақытты есептеуге болады. Өйткені ол кезде Босфордың оң-солын танып, тәжірибе жинап қаласыз.

Босфор арқылы жүзіп өту – әйгілі жарыстардың бірі. Аз дегенде алты ай дайындық қажет. Оған жыл сайын кемінде 2,5 мың адам қатысады. Қазақстаннан биыл 50-ден астам адам тіркеліп үлгерген.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Анастасия Вылегжанина, Валентин Лобанов 

Хабар 24 телеарнасы