386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Игерілмей жатқан жерлердің салығы 10 есеге дейін артуы мүмкін

  • 149
  • UPD: 22:50, 18.07.2019

Кезінде жерді жүздеген гектарлап алып қойып, оны орнымен қолданбай отырғандарға тықыр таянды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ауыл шаруашылығы министрлігі бос жатқан аумақтарды қайтаруға кірісті. Тіпті, осы мақсатта заңға бірқатар өзгеріс те енгізбек. Бұған қоса жергілікті мәслихаттар игерілмей жатқан жерлердің салығын 10 есеге дейін арттыруы мүмкін.

Бізге мұнай, көмір, темір сияқты қазба байлықтарға сеніп отыра бермей, ауыл шаруашылығын да нықтап қолға алу керек. Өйткені соңғысы ешқашан сарқылмайды. Оны тиімді пайдалану арқылы әлемдегі көшбасшы елдердің біріне айнала аламыз. Бұл жайында айтылып жүргеніне біраз болды. Бірақ саладағы жұмыстардың жүйесіздігінен әлі күнге дейін бос сөз күйінде қалып келеді. Бұл мәселені Үкіметтің соңғы отырысында президент те көтерген еді. Яғни ауыл шаруашылығына келген әр министр өз саясатын жүргізгісі келеді. Алдыңғысының бастамалары аяқсыз қалады. Салдарынан тұтас бір сала зардап шегіп жатыр. Мәселен, қазір бізде 54 түрлі субсидия бар екен. Оны қарапайым шаруа тұрмақ ауыл шаруашылығы саласында жүрген ғалымдардың өзі түбегейлі түсіне бермейді.

Төлеутай Рақымбеков, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» АҚ басқарма төрағасы:

– Субсидия деген дүние әлдеқайда түсінікті және барынша тиімді болуы керек. Өйткені ауылда жүрген шаруа әрқайсысын зерттеп отырмайды ғой. Ол жерді игере ме, малын қарай ма, әлде бәрін тастап субсидия құжатымен жүгіре ме? Міне, осы жағдайларды ескеру қажет деп ойлаймын. Әрине, бәрі ә дегеннен өзгере қоймас. Бірақ бірте-бірте осындай жүйеге әкелуіміз керек.

Субсидия мәселенің бергі жағы ғана. Қазір тұтас елді мекендер қаңырап бос қалып, халық жаппай ірі қалаларға көшіп жатыр. Ал егер әр ауылда кемінде бір өңдеу өнеркәсібі жұмыс істесе, жағдай басқаша болар ма еді?! Несі бар. Сала мамандары әлеуеттің жеткілікті екенін алға тартады. Егер бос жатқан аумақтың барлығы қолынан іс келетін шаруаларға таратылып берсе, саланың бойына қан жүгірері анық. Алдымен ішкі қажеттілікті қанағаттандырып, кейін экспортқа ден қоюға мүмкіндік бар. Осы мақсатта министрлік кешенді шараларды қолға алды.

Сапархан Омаров, ҚР ауыл шаруашылығы министрі:

– Біз арнайы мониторинг жүргізіп, 16 миллион гектардан аса жердің мақсатты қолданылмай жатқанын анықтады. Енді оны қайтарып алып, басқа шаруаларға беруіміз керек. Өйткені жерде пайдалануға қатысты нақты талаптар бар. Оның орындалуы қатаң бақылауға алынады.

Бұған қоса аграрлық саладағы ғылыми жұмыстар қағаз күйінде қалмай, нақты өндірісте іске асу керектігін айтады мамандар. Өйткені әлем әлдеқашан осыған бет бұрды. Соның арқасында тек саланың ғана емес, тұтас экономиканың дамуына тың серпін беруге болады.

Авторлары: Аслан Қаженов, Әнуар Тәуекелов

Хабар 24 телеарнасы