386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыдағы өрт: шығын көлемі анықталуда

  • 181
  • UPD: 22:50, 18.07.2019

Алматыда таңертеңгі 7 жарымда басталған қоймадағы өрт түс ауа ауыздықталды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Өртті өшіруге 27 арнайы техника мен 70-ке жуық өрт сөндіруші жұмылдырылды. Оған қоса тікұшақтар да өрт сөндіруге келді.

Өрт сөндірушілердің мәліметінше, қызыл жалын 12:15-те ауыздықталды. Дегенмен қолқаны қапқан қара түтін бірнеше сағатқа созылды.

Айта кетейік, тек қана тікұшақтың өзімен 101 текше метр су осы қоймаға төгілді.

Толықтай жанып үлгермеген химиялық бояулар тағы үш сағатқа дейін бықсып жанды. Өрт тек түскі сағат 14:49-да ғана толық өшірілді. Жалпы көлемі 450 шаршы метр аумақты шарпыған жалынның қайдан шыққаны әзірге белгісіз.

Әділ Мурсалимов, куәгер:

– Мына өрт таңғы 07:30-дарда басталды. Біз алдымен балконға шыққанда кішігірім түтін шығып жатқан. Осыдан бір сағаттан кейін түтін қоюланып кетті, жанармай құятын автобекет өртенді деп ойладық.

Түске дейін өртті өшіру мүмкін боламаған соң көмекке тікұшақтар келді. Жалпы, қызыл жалынмен 7 сағат бойы 70 өрт сөндіруші арпалысты. Сондай-ақ 27 техника жұмылдырылды. Оған қоса үш тікұшақ әуеден 101 текше метр су тастады. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрттің қуаттылығы жағынан үшінші деңгейге жеткен. 

Мұхтар Тәжібаев, Жетісу ауданының әкімі:

– Өрт сөндірушілерге қажетті суды жақын маңдағы Алматы су желісінен алдық. Мұндағы көгілдір отын құбырлары бірден жабылып, электр желісіндегі қуат сөндірілді. Жақын маңдағы тұрғын үйлер оқшауланды.

Серік Әубәкіров, қалалық ТЖД басшысы:

– Кеше осы қоймаға үш теміржол вагонымен 200 тоннадай химиялық бояулар жеткізілген. Сондықтан да өртті бірден сөндіру қиынға соғуда. Химиялық қоспалар от тиген сайын жарылып жатыр. Сондықтан әуе күшін де жұмылдырдық.

Алматылықтарды алатаңнан әуреге салған өрт сөндірілді, бірақ ол қайдан, қалай тұтанғаны әзірге белгісіз. Сондай-ақ шығын көлемі де анықталуда.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Ерлан Әбжанов

Хабар 24 телеарнасы