386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыс қаласында 1469 үй қалпына келтірілді

  • 288
  • UPD: 22:49, 18.07.2019

Түркістан облысының Арыс қаласында 1469 тұрғын үй қайта қалпына келтірілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір шаһарда аптап ыстыққа қарамастан күні-түні 17 аймақта 7 мыңға жуық құрылысшы мен 265 арнайы техника жұмыс жасауда. Жалпы мұнда 207 құрылыс компаниясы жұмылдырылған. Арысты жандандыруға жұмыла кіріскендердің қатарында Жамбыл облысы да бар. Осы өңірге тиесілі 3-секторда қазір 50 жеке тұрғын үй жөндеу жұмыстарынан өткен. Пайдалануға берілген үйлерге қайта қоныстанған арыстықтар әулиеаталықтарға дән риза. Бүгін атқарылған жұмыстардың бір парасын Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов көзбен көрді. Халықпен жүздесіп Арысты бірге көркейтуге шақырды. Өз аймағына тиесілі бірнеше көшені аралап, сала мамандарына тиесілі тапсырма жүктеді.

Қазіргі таңда 3-сектор аумағында 4 құрылыс компаниясы бар. Мұндағы жұмыстарға 450-ден аса құрылысшысы мен 21 теxника жұмылдырылған. Олар 242 жеке тұрғын үй бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ осы аймаққа 11 көше бекітілген. Онда 312 жеке тұрғын үймен бірге 14 әлеуметтік және коммерциялық нысан бар.

Зейне Байырбекова, Арыс қаласының тұрғыны:

– Үйдің 4 бөлмесінің шегі түсті. Үш терезесі сынған еді. Бәрі орнына келді. Қағып берді. Сарай жақта да асхананың шатыры түскен еді, оны да істеді. Көңілімізден шықты. Үймізге аман-есен кірдік. 

Асқар Мырзахметов, Жамбыл облысының әкімі:

– 312 осындай үй анықталды. Сол 312 үйдің 2 үйі мүлде жарамсыз. Сондықтан оны сырып тастап, екі үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Ал қалған 310 үйде толығымен қайта қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Құрылыс заттары жеткілікті. Қаржы мәселесі облыс тарапынан шешілген. Ендігі жерде республика тарапынан төленетін 50 пайыз да шешіліп отыр.

Хабар 24 телеарнасы