386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыс қаласының 100 баласы Каспий жағалауында демалып жатыр

  • 236
  • UPD: 22:49, 18.07.2019

Арыс қаласының балалары алдағы екі апта Каспий жағалауында демалатын болды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бүгін Ақтаудағы жазғы сауықтыру лагерьлері оңтүстіктен келген 150 оқушыны қабылдады. Теңіздің мөлдір суы мен жұмсақ құмы жарылыстан зардап шеккен балақайлардың қорқынышын ұмыттыратыны сөзсіз.

Арыстан пойызбен жеткен балаларды ақтаулықтар сән-салтанатымен күтіп алды. Әннен шашу шашылып, қонақтарға ұлттық дәм ұсынылды.

Балалардың бір бөлігі теңіз жағасындағы «Алау» лагеріне қабылданды. 6 сыныпты үздік аяқтаған Назерке Шағырбайдың қуанышында шек жоқ. Қарт Каспийді көрсем деген арманының орындалғанына қуанышты. Қазақ тілі мен әдебиетінен өткен байқаулардың жеңімпазы алдағы күндері Ақтаудағы демалысы туралы шығарма жазбақшы.

Назерке Шағырбай, Арыс қаласының тұрғыны:

– Менің бұл жерге алғаш келуім, келгеніме өте-өте қуаныштымын. Керемет әсер алып жатырмын. Каспий теңізін алғаш рет көруім. Телефоннан, интернеттен көргеннен өз көзіңмен көрген ерекше әсер береді екен.

Нұржан Өміржан, Арыс қаласының тұрғыны:

– Бұл жақ өте қызық екен. Біз бұл жақта көптеген достармен танысып жатырмыз. Әрі қарай танысамыз. Каспий теңізіне алғаш рет келуіміз. Өте керемет екен, табиғаты да әдемі!

Демалысқа келгендер – 1 мен 8 сынып аралығындағы оқушылар. Олар жарты ай бойы естен кетпес қызықты күндерді бастан өткермек. Лагерьдегі әр күн әр тақырыпқа арналады. Күй мен ән жарысы сынды мәдени, танымдық және спорттық шаралар өткізіледі. Маңғыстаудағы киелі жерлерге саяхат жасау да жоспарда бар.

Айжақсы Тұржанова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Арыс қаласындағы қасіретке байланысты балаларға Маңғыстау облысы қолдауын көрсетіп жатыр. Бір отбасынан үш-төрт баладан келіп жатыр. Барлық жағдайды жасадық. Біз мұғалімдер балалардың көрген барлық жағдайдан шығуына жақсы жұмыс жасайды деп есептеймін.

Арыс оқушыларының теңіз жағасында демалуына өңірдегі компаниялар демеушілік жасауда.

Балалар сондай-ақ «Мектепке жол» шарасы аясында сабаққа қажетті оқу-құралдарымен қамтылады. Жалпы, Маңғыстау облысы жарылыстан зардап шеккен Арыс тұрғындарына барынша қолдау көрсетуде. Қазір оңтүстікте жүрген арнайы жұмыс тобы бүлінген 8 көшені қалпына келтіріп жатыр. 275 үйді жөндеп, жаңадан 3 үй салып беруде.  

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы