386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде балабақшаға кезекте тұрған бөбектер саны 3 есе артуы мүмкін

  • 162
  • UPD: 22:48, 18.07.2019

Себебі мемлекеттік мектепке дейінгі мекеме меңгерушілері бүлдіршіндерді шектен тыс қабылдаудан бас тартуда, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұған дейін қалалық білім бөлімінің жолдамасымен келген балаларды да уақытынан бұрын шығарамыз деп отыр. Салдарынан 3-пен 6 жас аралығындағы 12 мыңға жуық бүлдіршін мектепке дейінгі мекеме тәрбиесінен қағылады.

Ақтөбе маңындағы Жаңақоныс ауылы тұрғыны Қонысбай Махамбетов күні бойы екі немересін ертіп жүреді. Бұған дейін үлкені Нұрбек осындағы жалғыз мемлекеттік балабақшада болған. Оның ізімен қарындасын жетектеп апарғанымен, мекеме меңгерушісі «орын жоқ» деп қабылдамай қойыпты. Екеуінің орнын ауыстыруға да келіспеген.

Қонысбай Махамбетов, Жаңақоныс ауылы тұрғыны:

– Бес жасқа толған соң үлкен немеремді өзім шығарып алып отырмын, қызымды орнына алсын дедім. Үште. 8 наурызда үшке толып кетті. Содан бері балабақша жоқ. Енді қазір үлкенін де шығарып алдым, екеуі де балабақшада жоқ.

Балалардың бақшасыз қалуының басты себебі мекеме меңгерушісіне 600 мың теңгеге жуық айыппұл салуында боп тұр. Ата-аналар иек артқан 150 орындық балабақшада бұған дейін 230 бөбек тәрбиеленіп келген. Санитарлық нормадан артық болуына байланысты құзырлы орган лауазымды тұлғаны әкімшілік жауапқа тартыпты. Және мұндай жағдай облыс орталығындағы мемлекеттік балабақшалардың барлығына дерлік тән.

Лаура Ршауова, облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы:

– Ақтөбе қаласындағы 32 мектепке дейінгі мекемелердің басшысы немесе лауазымды тұлғасына қатысты әкімшілік іс қозғалып, хаттама толтырылды. Бақшадағы балалар саны тиісті нормадан артық болуына байланысты 3 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.

Балабақшадағы бос орындарды бекіту мекеме меңгерушілеріне тек өткен жылдың қараша айынан бастап берілген. Яғни қабылдауға қауқарлы бала санын интернеттегі арнайы парақшаға жазады. Ата-аналар болса бөбектерін көрсетілген бос орындарға сәйкес тіркейді. Бұған дейін жолдаманы қалалық білім бөлімі бекітіп келген болатын.

Болған Молжанов, қалалық №35 мектепке дейінге мекеме меңгерушісі:

– Балабақшаға балаларды қабылдайтын – қалалық білім бөлімі. Индикативті жоспарға сәйкес 150 орынға 230-ды біз осы уақытқа дейін қабылдап келдік. Ал маған салынған айыппұл бұл дәлелді деп есептемеймін. Себебі менің тарапымнан емес. Тиісті орындарға, сотқа шағымдандым.

Жолдаманы жаудырған қалалық білім бөлімі болса «мәселемен таныспыз» дейді. Алайда жеңін түріп, шиеленіскен жайтты шешуге кірісер жайы жоқ. Ал бюджеттік мекеме басшылары балаларды шектен тыс қабылдаудан бас тартса, кезектегілер саны күрт өсетіндігін де мойындайды.

Жұлдыз Шалабаева, қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары:

– Мектепке дейінгі ұйымдарда қазір бос орындар қойылмай жатыр. Порталдарда, сайттарда бос орындар көрсетілмей жатыр. Бұл бос орындар көрсетілмеген кезде қазіргі таңда 3 пен 6 жас аралығындағы 4500-дің үстіне шығып тұрған бала саны одан да екі есе, үш есе көбейіп кету қаупі бар.

Білім бөлімінің шенеуніктері кәсіпкерлерден ғана көмек күтіп отыр. «Мәселені шешуге жекеменшік және мемлекеттік әріптестік бағдарламасы септігін тигізуі тиіс», – дейді. Алайда биыл тек 7 жекеменшік мектепке дейінгі мекеменің құрылысы аяқталады. Бұл нысандар қазір кезекте тұрған 4500 бөбектің өзін толық қамти алмайтыны айқын. Ал санитар мамандардың ықпалымен шеттетілген балалардың қайда барары тіптен белгісіз. Шаһардағы 150-ге жуық мектепке дейінгі мекеменің ешқайсысында бос орын жоқ.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы