386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты сот отырысы басталды

  • 181
  • UPD: 16:10, 19.07.2019

Ақтауда 2017-18 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Серік Аманғалиевке қатысты қылмыстық іс бойынша кезекті сот отырысы басталды. Ашық түрде өтіп жатқан жиынға журналистер де қатысуда.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Былтыр күзде Ақтауда жоғары лауазымдағы мемлекеттік шенеуніктің қатысуымен орын алған атышулы дерекке орай сот тыңдауы осы күнге дейін екі рет өтті. Ал бүгін ашық түрде жүріп жатқан отырысқа БАҚ өкілдері де қатысуда. Істі жүргізуші судья жиынның бастапқы үш минутында фото және бейнетүсірілім жасауға рұқсат берді. Алайда адвокаттардың өтінішіне орай айыпталушы және осы іс бойынша шақырылған куәгерлердің камераға түсуіне тыйым салынды.

Есіңізге сала кетейік, Серік Аманғалиев өткен жылдың қараша айында өңірлік қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының санкциясымен қамауға алынған еді. Оған аса ауыр көлемде сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген айып тағылды. Дәлірек айтсақ, 3 қараша күні күдіктіні Ақтау әуежайында 115 мың еуро пара алып тұрған жерінде ұлттық бюро қызметкерлері ұстады. Көп ұзамай оған қомақты қаржыны облыс орталығында мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында мұз сарайын салуға ниетті инвестордың ұсынғаны белгілі болды.

Талғат исламұлы, тілші:

- Осы деректің анық қанығын анықтау әлі де жалғасып жатыр. Қазір өтіп жатқан сот отырысына Аманғалиевтен бөлек сол уақытта онымен әріптес болған бірқатар мемлекеттік қызметшілер де шақырылды. Олардың арасында өңірлік дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметінен шеттетілген Нұрбек Қарабалаев те бар. Оның судья сауалдарына нақты жауап бере алмауына байланысты сот процесі сәл кейінге шегерілді. Отырыс күннің екінші жартысында жалғасуы мүмкін.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы