386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда ашылған скейт-парк жеткіншектердің сүйікті орнына айналды

  • 182
  • UPD: 16:57, 19.07.2019
Ақтауда ашылған скейт-парк жеткіншектердің сүйікті орнына айналды tumba.kz

Ақтаулық жеткіншектер самокат немесе скейтборд тебуге арналған арнайы саябаққа барады.

Мұнда әсіресе жаз айларында келетін адамның қарасы қалың. Таңсәріден бастап және күн қызуы басылған шақта скейт-парк іші оқушылар мен жастарға толады. Қоғамдық орынның қауіпсіздігін патрульді жасақ бақылайды. Олар балалардың жолдың бойында самокатпен болмаса дөңгелекті роликпен жүруіне жол бермейді. Тәртіпке бағынбаған жеткіншіктің ата-анасына әкімшілік шара қолданылады.

Талғат Исламұлы, тілші:

– Жазғы каникул кезінде қоғамдық орындарда және теңіз жағалауында велосипед, самокат тебетін балалардың қарасы көбейеді. Олар үшін арнайы орынның қажеттігі тұрғындар тарапынан сан мәрте айтылды да. Осыған орай қала әкімдігі 2017 жылы «Ақбота» паркінің шетінен дәл осы скейт-паркті ашқан болатын. Жоспарға сәйкес мұндай парктер 6 және 31-шағын ауданда қолданысқа берілуі керек.

Теңіз жағалауына қарсы жерде ашылған скейт-парк қысқа мерзімде экстремалды спорт түріне ден қойған жеткіншектердің сүйікті орнына айналды. Мұнда екі жастағы баладан бастап студент жастарға дейін келеді. Бірі самокатпен айналма кедергі арқылы биіктікке секірсе, тағы бірі велосипедпен қиын әрi қызықты трюктерді күнұзақ қайталап жаттығады.

Жасы екіден енді асқан Мәрлен – есімді бала скейт-паркке тұрақты келушілердің бірі. Оның экстремалды спортқа қызығушылығын ата-анасы осы саябақта серуендеп жүрген кезде байқапты. Ақылдаса келе, сәбиіне самокат алып беруді жөн санаған.

Ботагөз Сүйебергенова, қала тұрғыны:

– Саябақта қыдырып жүргенімізде осындай скейт-алаңның бар екенін көрдік. Велосипед, ролик теуіп жүрген жастарға көзі түскен бойда ұлымыз Марлен бір орнынан тапжылмай, олардың жаттығуын қарап тұрды. Оның осы спортқа ынтасы барлығын байқап самокат алып бердік. Қазір ұйқысынан тұра сала осы жерге барайық деп сұрайды. Самокатты еркін тебе алатын болғасын, парк ішіне жіберіп, алыстан бақылап тұрамыз.

Скейт-парк 1-шағын ауданда орналасқан. Мұндай орын әзірге қала бойынша біреу ғана. Сондықтан басқа мөлтек аудандарда тұратын жастар осы жерге арнайы келеді.

Темірлан Абдолов, оқушы:

– Менің жасым 13-те. Самокат теуіп жүргеніме бір жылдан асты. Осы жерге келу үшін күн сайын велосипедпен бес шақырым жер жүремін. Өзім тұратын шағын ауданда дәл осындай парк ашылса, жақсы болар еді.

Кісі көп жүретін қоғамдық орын болған соң скейт-парктің қауіпсіздігін полицейлер жіті бақылайды. Велосипед тізгіндеген жеткіншектердің көлік жолына шықпауын қатаң ескертіп, жаттығу аяқталған соң көшеде самокатты қолға ұстап жүру қажеттігін түсіндіреді. 

Нұрбол Тұрсынбаев, АҚПБ ЖПП 3-рота командирі:

– Өзіңіз білесіз, қазір жазғы демалыс. Жасөсіпірімдердің дені теңіз жағалауында болады. Сосын «Ақбота» саябағында велосипед тебеді. Осы жерде қызметкерлеріміз тәуліктің күндіз-түнінде де болады. Жасөспірімдердің жолға шығып кетпеуін қатаң бақылауда ұстап отырмыз.

Қазір қала бойынша самокат, ойыншық машина мен велосипедтің бірнеше түрі жалға берілетін жиырма бес орын бар. Рұқсат етілген аумақтан ұзап кеткен адамға, сондай-ақ өз мүлкін бақылаусыз қалдырған кәсіпкерге тәртіп сақшылары айыппұл салады. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы