386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыстағы 1548 жекеменшік тұрғын үйде құрылыс жұмыстары аяқталды

  • 206
  • UPD: 17:48, 19.07.2019

Премьер-министр Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Арыс қаласындағы зардап шеккен үйлерді, әлеуметтік нысандар мен инженерлік желілерді қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыс орталығы Түркістан қаласына ат басын бұрып, шаһардағы құрылыс қарқынын көзбен көрді. Салынып жатқан нысандарды аралап, жұмысты жеделдетуді тапсырды.

Қазір Арыс қаласында 1548 жекеменшік тұрғын үйде құрылыс жұмыстары аяқталған. Шаһардағы 7089 жеке тұрғын үй мен 96 көп қабатты үйде қалпына келтіру және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Арысты қайта қалпына келтіруге еліміздің барлық өңірінен 207 құрылыс компаниясы жұмылдырылып, онда 7073 жұмысшы 265 арнайы техника тартылған. Қаладағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан ҚР Премьер-министрі зардап шеккен бизнес нысандарын, көлік және инженерлік инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстарының қарқынын төмендетпеуді, сондай-ақ денсаулық сақтау және білім беру нысандарын дайындау бойынша кешенді шаралар қабылдау тапсырды. ҚР Үкіметінің басшысы Асқар Мамин Арыс қаласының тұрғындарымен кездесу кезінде қаланы қалпына келтіру бойынша жұмыстарға барлық өңірлер, ұлттық компаниялар, еліміздің ірі бизнес өкілдері белсене қатысып жатқанын атап өтті.

Құрылыс жұмыстары қазіргі таңда 126 жекеменшік үйде және 1 көп қабатты үйде жүргізілуде. 66 әлеуметтік нысаның 62-сінде қалпына келтіру шаралары қолға алынған. Ал жаңа құрылыс 4 нысанда жүріп жатыр. Асқар Мамин апат кезінде баспанасы жарамсыз күйге түскен жергілікті тұрғын Рүстембек Қалмахановтың да үйіне барып, жаңадан салынып жатқан баспананың құрылысын көріп шықты.

Рүстембек Қалмаханов, Арыс қаласының тұрғыны:

– Жарылыстан кейін үйімізді жөндеп беріп жатыр. Қостанай облысына рақмет. Сарыағаш ауданы әкімшілігіне рақмет. Тамыздың 10-на бітіріп береміз деп жатыр. Қазір өзімнің інімнің үйінде жатырмыз. Жағдайымыз жақсы.

Түркістан қаласына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин тарихи-мәдени орталық аумағында салынып жатқан «Ұлы дала елі» орталығын, Қ. А. Яссауи музейін салу бойынша жұмыстардың барысын қадағалады. Сонымен қатар ҚР Үкімет басшысы Ұлы Жібек жолының қолөнершілерінің Ұлттық орталығы ғимаратын, келу орталығын реконструкциялау, Шығыс моншасының, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың салыну барысын көрді. Бұдан бөлек әкімшілік, әлеуметтік, мәдени-тарихи мақсатта салынып жатқан нысандарды аралады. Асқар Мамин Түркістандағы Тұңғыш Президенті паркінің абаттандырылу, облыс орталығының орталық бөлігінің реконструкциялану және Арбаттың салыну барысын көрді. Сапар соңында Түркістандағы ескі археологиялық паркінің жобасымен танысты. Айта кетейік, биыл қаладағы әкімшілік-іскерлік орталығында 16 нысанның жетеуі пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы