386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Отандық жиһаз өнімдеріне сұраныс азайған

  • 191
  • UPD: 20:08, 19.07.2019

Отандық жиһаз өнімдеріне сұраныс азайып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстандық өндірушілер осылай деп қынжылады. Сапасы шетелдікінен кем болмағанымен, мекемелер мен алып компаниялар жиһазды да сырттан тасуға құмар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздегі жиһаз, азық-түлік, тоқыма және құрылыс салаларының қанат жаймай отырғанын сынға алған болатын. Сондай-ақ Президент Үкіметке осыған дейінгі Индустрияландырудың бесжылдығын саралау қажеттігін тапсырған еді.

Бұл жиһаз фабрикасы отандық нарықта 2014 жылдан бастап жұмыс істейді. 60-қа жуық жұмысшысы бар өндіріс орнының қызметі толығымен автоматтандырылған. Компания басшысы бұл бизнеске шамамен 3 миллион доллар құйғанын айтады. Дайын өнімді еліміздің барлық өңірлеріне жеткізеді. Сапа стандартқа сай болғанымен, сұраныс аз болып тұр. 

Мұнда өнім арнайы Еуропадан алынған, заманауи техникамен жасалады. «Сондықтан жиһаз сапасы өзгенікінен артық болсама, кем емес», – дейді жұмысшылар.

Қайрат Бейсенов, цех басшысы:

– Бұл станок уақыт үнемдеуге жақсы. Басқа жердегідей емес 5 ағашқа дейін бірден кесуге болады. Көп тапсырыс болса, оны уақытынан бұрын жасаймыз.

Отандық тауарға сұранысты арттыру жайы бұрыннан өзекті. Алайда мемлекеттік мекемелердің көбіне шетелдік брендтерге аңсары ауып тұратын көрінеді. Ал өндірушілер тендер жарияланса болды, басшылардың орындығының өзі шетелден алынады, деп қынжылады.

Нұржан Толбаев, жиһаз фабрикасының менеджері:

– Түркістан қаласына барып тендерлеріне қатысайық десек, бізге отандық емес, шетелде аты шыққан брендтер керек деп шықты. Сол үшін мемлекет өз кәсіпкерлерімізді қолдағаны дұрыс деп санаймын.

Президент Үкімет отырысында индустрияландыру бағдарламасына қатысты да сын айтқан болатын. Басты мәселе басталған іс үнемі жеткілікті қаржыландырылмайды. Мәселен, өткен жылы индустрияландыру бағдарламасы 35 пайыз ғана қаражатпен қамтылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мұнда жоспарлау деңгейінің төмен екені көрініп тұр. Қаражатпен қамтамасыз ете алмайтын нәрсені жоспарлаудың қажеті не? Сәйкес жобалар мен бағдарламалардың тиісінше қаржылануын қадағалау керек. Объективті сараптама негізінде мәселені шешудің тиімдірек жолдары ұсынылуы керек. Индустрияландырудың үшінші бесжылдығына ауыспай тұрып, бұл менің Үкіметке тапсырмам, барынша байыпты, шыншыл көзбен қараған жөн. Ауадан «сарай» тұрғызғанды қою керек.

Осыған қатысты биыл индустрияландыру картасы шеңберінде 450 миллиард теңгеге жуық қаржыға 130-ға тарта жобаны жүзеге асыру жоспарланыпты. Тағы жыл соңына дейін 2020-2025 жылдарға арналған индустрияландырудың жаңа бағдарламасы бекітілмек. Отандық өндірушілер жаңа жобадан жаңалық күтеді. Ал елордалық жиһаз фабрикасы да саннан сапаға көшкенді қош көріп отыр.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы